09.10.2026, 15:56 58241 / 10920

Қазақстан президенті ТМД-ны дамыту жөнінде бастамалар ұсынды

Қазақстан президенті ТМД-ны дамыту жөнінде бастамалар ұсынды
Сурет: Ақорда
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанда өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Достастықты 2035 жылға дейін дамытудың жаңа стратегиясын әзірлеуді, экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді, көлік дәліздерін дамыту мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Саммитте сөз сөйлеген мемлекет басшысы халықаралық жағдайдың өзгеріп жатқан кезеңінде ТМД жаңа геосаяси жағдайларға бейімделуі қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Достастықты дамытудың қолданыстағы тұжырымдамасы 2007 жылы бекітіліп, алты жыл бұрын жаңартылған. Алайда кейін қабылданған бағдарламалар мен құжаттар көбіне белгілі бір салаға қатысты болды. Сондықтан көбіне бір-бірімен сәйкеспейді.

"Сондықтан Атқарушы комитетке елдеріміздің үкіметтерімен бірлесіп, ТМД-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуді ұсынамын. Бұл – ортамерзімді перспектива. Ең алдымен, мемлекеттеріміз үшін аса маңызды басымдықтарға мән берген жөн. Олар: экономика, энергетика, инфрақұрылым, озық технологиялар және адам капиталы", - деді Тоқаев.


Экономика және бірлескен өндіріс

Президент сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды.

Ол Қазақстанның сыртқы тауар айналымының төрттен бірінен астамы ТМД елдеріне тиесілі екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сауда көлемі шамамен 40 млрд долларды құраса, 2026 жылдың жеті айында 10%-ға өсті.

Атап айтқанда, Қазақстан Ресеймен бірлесіп өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асырып жатыр. Жалпы құны 61 млрд доллар болатын 178 жоба мен бастама бар, оның 124-і іске асырылған.

Өзбекстанмен жалпы сомасы шамамен 2 млрд доллар болатын 80 жоба бойынша жұмыс жүргізілуде. Беларусьпен арнайы және ауыл шаруашылығы техникасының бірлескен өндірісі жолға қойылған.

Сонымен қатар Тоқаев өзара саудадағы жасанды кедергілерді жою, қызмет көрсету нарығын кеңейту және инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

"Осыған байланысты ТМД-ның 2027-2030 жылдарға арналған флагмандық индустриялық-технологиялық жобалар портфелін қалыптастыруды ұсынамын. Менің ойымша, қосылған құны жоғары өнім шығаруға баса назар аударған жөн. Бұл экономикаларымыздың өсуіне жаңа серпін береді", - деді президент.


Көлік дәліздері және жүргізушісіз жүк тасымалы

Мемлекет басшысы көлік байланыстарын дамытуды тағы бір басымдық ретінде атады. Қазақстан үшін "Солтүстік - Оңтүстік", "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" халықаралық дәліздері мен Транскаспий бағытының маңызы ерекше.

Тоқаев тамыз айында ұзындығы 1,5 мың шақырымнан асатын жаңа Арал-Каспий магистралінің құрылысы басталғанын хабарлады.

Жоба аяқталғаннан кейін Қытайдан Еуропаға дейінгі автомобиль бағыты шамамен мың шақырымға қысқарады, ал транзиттік жүктерді жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды.

Президент сондай-ақ ТМД елдері арасында жүк тасымалдау мен құжат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық көлік дәлізін дамытуды ұсынды.

Оның айтуынша, Қазақстан Өзбекстан және Қырғызстанмен рұқсат құжаттарын электронды түрде алмасу жүйесін енгізіп үлгерді. Ресей және Беларусьпен де осындай жұмыс жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, мамыр айында Қазақстан мен Ресей жүргізушісіз жүк көліктерімен алғашқы трансшекаралық тасымалды іске қосты. Тоқаев бұл тәжірибені Достастықтың басқа мемлекеттеріне де таратуды ұсынды.

Жасанды интеллект және жаңа технология

Президент жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне де ерекше назар аударды. Оның пікірінше, жаңа технологияларды меңгеру және өз әзірлемелерін енгізу қабілеті ТМД елдері экономикаларының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналып келеді.

Тоқаев жасанды интеллект саласында, соның ішінде ұлттық стратегияларды әзірлеу, заңнама және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасуды жолға қоюды ұсынды.

Ынтымақтастыққа ғылыми орталықтарды, университеттерді, технологиялық компаниялар мен стартаптарды тарту ұсынылып отыр.

Сонымен қатар мемлекет басшысы 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астанада ТМД аясында жасанды интеллектке арналған арнайы форум өткізуді ұсынды.

Мәдениет, білім және цифрлық кітапхана

Президент Достастық елдері арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстарды сақтаудың маңыздылығын да атап өтті.

Ол орыс тілінің білім беру, ғылым және адамдар арасындағы байланыстарды дамытудағы рөліне тоқталып, сонымен бірге ТМД мемлекеттерінің тілдік және мәдени әралуандығына құрметпен қарау қажеттігін атап өтті.

Тоқаев Достастық халықтарының көрнекті әдеби шығармаларын қамтитын "ТМД-ның алтын кітапхана қорын" құруды ұсынды.

Қорды құрылысы 2027 жылдың ортасында Астанада аяқталады деп жоспарланған Президенттік кітапханада орналастыруға болады.

Жоба аясында шығармалардың кәсіби аудармалары жинақталған, баршаға қолжетімді цифрлық кітапхана құру да көзделген.

ТМД-ның халықаралық байланыстарын кеңейту

Президенттің тағы бір бастамасы "ТМД плюс" форматындағы алғашқы саммитті өткізу болды. Тоқаев бұған дейін Қазақстанның ұсынысымен ТМД жанындағы бақылаушы және ТМД серіктесі институттары құрылғанын еске салды.

"Менің ойымша, келесі қадам "ТМД плюс" форматындағы алғашқы саммитті өткізу болуы мүмкін. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесу өзара іс-қимыл географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді және Ұйымның Еуразия ауқымындағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретіндегі рөлін арттырады", - деді мемлекет басшысы.


Ол сондай-ақ Қазақстанның Еуразиялық қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын әзірлеу жұмысын жалғастыруға дайын екенін растады.

Естеріңізге сала кетсек, саммит қорытындысы бойынша ТМД мемлекеттерінің басшылары қауіпсіздік, көлік және гуманитарлық ынтымақтастық салаларында бірқатар шешім қабылдады.

Атап айтқанда, 2028 жыл Әлеуметтік даму және өмір сапасы жылы, ал 2029 жыл ТМД-ның көлік байланыстылығы жылы болып жарияланды.

Кездесуге қатысушылар киберқылмыспен күрес, шекара қауіпсіздігін нығайту және тарихи жадыны сақтау жөніндегі құжаттарды да қабылдады. Сонымен қатар 2030 жылғы кезең аясында халық санағын өткізу туралы шешім қабылданды. ТМД елдерінің статистика қызметтері 2027 жылы ұлттық санақ нәтижелерін салыстыруға мүмкіндік беретін көрсеткіштер тізбесін келісуі тиіс.

Отырыс қорытындысы бойынша 2027 жылы ТМД-ға төрағалық ету Өзбекстанға өтетіні, ал Түрікменстан мен алғаш рет Әзербайжан тең төраға болатыны шешілді.

ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2027 жылдың қазан айында Бұхарада өтеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны