10.07.2026, 10:54 55496

Қазақстанның Ішкі істер министрі Нью-Йоркте БҰҰ-ның полиция саммитінде сөз сөйледі

Қазақстанның Ішкі істер министрі Нью-Йоркте БҰҰ-ның полиция саммитінде сөз сөйледі
Сурет: Polisia.kz
Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 5-10 шілде аралығында жұмыс сапарымен Нью-Йоркке барып, БҰҰ-ның V Полиция саммитіне қатысты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Сапар барысында министр БҰҰ өкілдерімен, АҚШ Федералдық тергеу бюросының (FBI) және Нью-Йорк полиция департаментінің басшылығымен кездесулер өткізді.

Саммиттің пленарлық отырысында Ержан Сәденов Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайту, полицияның бітімгерлік қызметін дамыту, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс пен киберқылмысқа қарсы күрес бағытындағы жұмыстары туралы айтты. Министр құқық қорғау органдары арасындағы тәжірибе алмасуды күшейту мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын да атап өтті.

Polisia.kz

Сондай-ақ, Ержан Сәденов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Жан-Пьер Лакруамен кездесіп, тараптар Қазақстанның БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысуы, полиция контингенттерін даярлау, ішкі істер органдарының жұмысына цифрлық технологияларды енгізу және ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Министр сапар аясында Нью-Йорктегі АҚШ Федералдық тергеу бюросы (FBI) кеңсесінің басшысы Джеймс Барнаклмен де жеке кездесу өткізді. Кездесу барысында ұйымдасқан қылмыс пен киберқауіптерге қарсы бірлескен іс-қимыл, тәжірибе алмасу және мамандарды даярлау мәселелері қаралды. Қазақстандық делегация FBI-дың бірлескен операциялар орталығының жұмысымен де танысты.

Бұдан бөлек, Ішкі істер министрлігінің өкілдері Нью-Йорк полициясының жедел басқару орталығында болып, заманауи бейнебақылау жүйелерімен, цифрлық талдау құралдарымен және патрульдік бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқару жүйесімен танысты.

Саммит аясында министр бірқатар елдердің құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесі, тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, тәжірибе алмасу және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны