04.07.2026, 14:42 83581

Беларусь пен Қазақстан өзара қарым-қатынасты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді – Беларусь елшісі

Астанада Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдау өтті
Беларусь пен Қазақстан өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық әріптестік деңгейіне шықты. Бұл туралы Астанада Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауда Беларусьтің Қазақстандағы елшісі Алексей Богданов мәлімдеді.

«Беларусь пен Қазақстан арасындағы екіжақты қатынастар өзара сенім мен құрметке негізделген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті», – деп атап өтті дипломат.

Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастықтың дамуында Президенттер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенконың ашық әрі прагматикалық ұстанымы маңызды рөл атқарып отыр.

«Мемлекеттеріміз арасындағы өзара іс-қимылдың қозғаушы күші әрі ортақ саяси бағдарларды айқындайтын негізгі фактор – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Александр Григорьевич Лукашенконың ашық әрі прагматикалық ұстанымы», – деп атап өтті Алексей Богданов.

Елші сондай-ақ, Беларусь Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды, оның ішінде конституциялық реформаны қолдайтынын мәлімдеді.


Сонымен қатар, Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Беларусь тарабын ұлттық мерекесімен құттықтап, Беларусьтің Қазақстан үшін сенімді әрі маңызды стратегиялық әріптес болып қала беретінін атап өтті.


Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық екіжақты форматта да, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО), Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) аясында да табысты дамып келеді.

Өзара іс-қимылдың негізін қолданыстағы екіжақты келісімдер, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес және 2025–2029 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жол картасы құрайды.


Салтанатты қабылдауға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, шетелдік елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Мерекелік бағдарлама Беларусьтің халық әндері мен билерін орындаған шығармашылық ұжымдардың концертімен аяқталды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Президент Александр Лукашенконы құттықтап, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту бағытын қолдайтынын растаған болатын. Сондай-ақ, Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Беларусь Сыртқы істер министрі Максим Рыженковқа құттықтау жолдап, қазақ-беларусь қатынастарының жоғары деңгейін және стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін атап өтті.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны