17.08.2026, 12:20 27036

Брюссельде Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастың 34 жылдығына орай ұйымдастырылған велошеру өтті

Брюссельде Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастың 34 жылдығына орай ұйымдастырылған велошеру өтті
Сурет: ҚР СІМ
Қазақстандағы Спорт күніне орай еліміздің Брюссельдегі Елшілігі Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 34 жыл толуына орай велошеру ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Велошеру Бельгияның ең танымал көрікті орындарының бірі әрі болашаққа ұмтылыстың символы саналатын Атомиумнан бастау алып, құрамында дипломаттар, Бельгияда тұратын отандастарымыз, студенттер, сондай-ақ бельгиялық серіктестер бар қатысушылар белгіленген маршрут бойынша жүріп өтті.

"Велошерудің құрметті қатысушысы - белгілі қазақстандық велошабандоз, "Astana" велокомандасының бұрынғы мүшесі, Олимпиада ойындарының қатысушысы Андрей Кашечкин болды",- дейді министрлік өкілдері.


Іс-шараны ашқан Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко 34 жыл ішінде Қазақстан мен Бельгия өзара құрмет пен сенімге негізделген берік әріптестік орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, велоспорт екіжақты қатынастардың сипатын символдық тұрғыдан айқын бейнелейді: алға жылжу үшін тепе-теңдік, серпін және өзара қолдау қажет.

Велошеру достық әрі бейресми жағдайда өтіп, Спорт күнін және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған күнін бірге атап өтуге жақсы мүмкіндік болды.

Екіжақты қатынастардың жаңа маңызды кезеңі осы күзде күтілуде: Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға мемлекеттік сапары жоспарланып отыр. Бұл сапар екі ел арасындағы достық пен әріптестікті одан әрі нығайтудағы маңызды оқиға болмақ.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны