08.08.2026, 11:23 59766

Қазақстан мен Грекия КҚК арқылы мұнай жеткізу қауіпсіздігін талқылады

Қазақстан мен Грекия КҚК арқылы мұнай жеткізу қауіпсіздігін талқылады
Сурет: ҚР СІМ
Грекия Қазақстанмен энергетика, сауда, инвестициялар, көлік және гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендігін растады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Грекия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антониа Кацуруды қабылдау барысынде белгілі болды.

"Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен оларды одан әрі дамыту болашағын, көпжақты форматтарда өзара іс-қимыл мәселелерін, сондай-ақ ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған іс-шаралар кестесін талқылады", - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.


Е. Ашықбаев энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. Осы тұрғыда тараптар қазақстандық мұнайды еуропалық нарықтарға экспорттауда стратегиялық маңызға ие Каспий құбыр консорциумының (КҚК) айналасындағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын, халықаралық нарықтарға энергия ресурстарының үздіксіз әрі орнықты жеткізілуін, сондай-ақ кемелердің қауіпсіздігін және теңіз қатынасының еркіндігін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді.

Өз кезегінде Грекия Елшісі А. Кацуру энергетика, сауда, инвестициялар, көлік және гуманитарлық байланыстарды қоса алғанда, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға грек тарапының дайын екенін растады.

Кездесу соңында тараптар саяси диалогты тұрақты түрде қолдауға және барлық бағыттар бойынша қазақ-грек серіктестігін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны