13.08.2026, 17:43 18736

Грекияның әуе компаниясы Қазақстанмен әуе қатынасын ашуға мүдделі

Туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аударылды
Грекияның әуе компаниясы Қазақстанмен әуе қатынасын ашуға мүдделі
Қазақстан мен Грекия екі ел арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин "AEGEAN Airlines" грек әуе компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Эфтихиос Василакиспен кездесті.

Елші Қазақстанның авиация саласының даму қарқыны, әуежай инфрақұрылымын жаңғырту, ішкі және халықаралық әуе рейстері географиясының кеңеюі, сондай-ақ Қазақстан нарығында шетелдік әуе тасымалдаушыларының қатысуының артуы туралы хабардар етті.

"Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе қатынастарының кейбір аспектілері туралы келісімге қол қойылғанын, сондай-ақ визалық режимді одан әрі жеңілдету жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмысты ескере отырып, Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын кеңейтудің келешегі зор екені атап көрсетілді. Аталған шаралар жолаушылар ағынының өсуіне және туристік әрі іскерлік байланыстарды кеңейту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді деп күтілуде",- деп айтылған хабарламада.


Дипломат туристік байланыстарды дамытуға ерекше назар аудара келе шетелдік туристер тарапынан Қазақстанға және Орталық Азияға қызығушылықтың артып келе жатқаны атап өтті.

Осыған байланысты тараптар әуе қатынасын кеңейту өзара туристік ағындарды ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға, сондай-ақ гуманитарлық және адамдар арасындағы қатынастарды нығайтуға қосымша серпін бере алатынын атап өтті.

Эфтихиос Василакис өз кезегінде ауекомпанияның жаңа халықаралық бағыттарды, оның ішінде Азия елдеріндегі бағыттарды зерделеу және дамыту жөніндегі жұмысы туралы хабарлады. Осы тұрғыда ол "AEGEAN Airlines" компаниясының Қазақстанмен әуе қатынасын дамытудың мүмкіндіктерін перспективалы бағыттардың бірі ретінде зерделеуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелері бойынша жұмыс байланыстары мен ақпарат алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны