Көшербаев Иранға барды: ел басшылығымен кездесулерде не талқыланды
Сурет: ҚР СІМ
Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранға барған сапары барысында ел басшылығымен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Басты тақырыптардың бірі Шахид Раджаи портында Қазақстанның көлік-логистикалық терминалын салу болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы СІМ баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменейді ақтық сапарға шығарып салуға арналған аза тұту рәсіміне қатысты.
Сапар барысында Ермек Көшербаевті Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианнің қабылдады. Сонымен қатар, министр Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен кездесіп, келіссөздер өткізді.
Е.Көшербаев Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атынан Иран халқына және басшылығына жуырдағы қайғылы оқиғаларға байланысты шынайы көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Иран Президентімен өткен кездесуде тараптар Масуд Пезешкианның 2025 жылдың 10-11 желтоқсанында Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, өңірдегі қазіргі ахуал мен оның одан әрі даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.
А.Аракчимен өткен келіссөздердің күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ, Қазақстан мен Иран арасындағы қатынастарды одан әрі дамытуды қамтыды.
Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасымен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға берік бейілдігін растады. Сонымен қатар, Иранның және өңір елдерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлі атап өтілді.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын атап өтті.
2026 жылғы 28 маусымда Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портынан қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімге ерекше мән берілді. Бұл жобаның Мемлекет басшысының Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отырғаны атап өтілді.
Осыған байланысты терминал құрылысы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемінің одан әрі артуына ықпал ететініне сенім білдірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4%-ға өсіп, 430,2 млн АҚШ долларына жетті, деп атап көрсетті министрліктен.
Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделілігін растады және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

