16.07.2026, 20:49 19396

Климат және инвестиция: Қазақстан СІМ мен ЕҚДБ серіктестікті нығайтуда

Тараптар бірлескен жобаларды іске асыруда тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға өзара мүдделі екендіктерін растады
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) климаттық және инвестициялық жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келісті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың банк делегациясымен кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Атап айтқанда, тараптар ҚР мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ тұрақты даму, "жасыл" қаржыландыру, энергетикалық көшу, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру және жеке секторды қолдау салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен Қазақстанның климаттық мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.

Сонымен қатар, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Австрияның Berglandmilch сүт кооперативі мен Грекияның Desserta Hellas компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстанда Қазақстанда сүт өнімдерін өндіру жобасын іске асыру перспективаларын талқылады. Жоба Қазақстан мен Грекия арасындағы екіжақты инвестициялық ынтымақтастық аясында пысықталуда. Оны іске асырудың түрлі форматтары қарастырылуда: жеке өндіріс орнын ашудан бастап қазақстандық серіктестермен бірлескен кәсіпорын құруға дейін, сондай-ақ өнімді дистрибуциялаудан оны Қазақстанда кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіруге көшу мүмкіндігі зерделенуде.

Кездесу барысында сүтті қайта өңдеуді жергіліктендіру, ірімшік пен йогурт өндірісін дамыту, сүт жинау жүйесін және салқындату логистикасын жетілдіру, сондай-ақ озық технологияларды енгізу мен еуропалық сапа стандарттарын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны