"Үлкен ойыннан" - "Зор пайдаға": Қазақстанның Ауғанстандағы стратегиясы
Сурет: ЖИ
Қазақстан Президенттің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі Еркін Тұқымов пен Nightingale International геосаяси талдау агенттігінің тең құрылтайшысы Элданиз Гусейнов The National Interest басылымына жарияланған мақаласында Қазақстанның Ауғанстанға қатысты стратегиясы туралы баяндады.
Ауғанстанның болашағы Орталық Азия үшін негізгі стратегиялық бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты, көлік байланысын және инвестициялық жобаларды дамытуды ел мен өңірдің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізі ретінде қарастырады. Бұл ұстаным Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған "Үлкен ойыннан" - "Зор пайдаға" көшу тұжырымдамасына негізделген.
Кабулда билік ауысқанына бес жылға жуық уақыт өтсе де, Астана қазіргі ауған билігін ресми мойындамай-ақ, Ауғанстанмен прагматикалық ынтымақтастық моделін дәйекті түрде қалыптастырып келе жатқанын атап өтті. Оның негізі - сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік инфрақұрылымы және инвестициялық жобаларды дамыту. Мұндай тәсіл Ауғанстанның тұрақты дамуына жағдай жасап, бүкіл Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Бұл стратегияда экономикалық ынтымақтастық басты орын алады. Атап айтсақ, 2025 жылы Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 541,8 млн АҚШ долларын құраған. Оның ішінде 500 млн АҚШ долларынан астамы Қазақстан экспортына тиесілі болса, Ауғанстаннан импорт көлемі шамамен 23 млн АҚШ долларын құрайды. 2024 жылы қол қойылған жол картасына сәйкес, тараптар өзара сауда көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, ынтымақтастық астық пен ұн жеткізумен ғана шектелмейді. Қазақстан ауған ауыл шаруашылығы өнімдері үшін өз нарығын ашып, бірлескен өнеркәсіптік жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, қазақстандық кәсіпорындарда өңдеу үшін жыл сайын 30 мың тонна мырыш кенін жеткізуге арналған жалпы құны 18,88 млн АҚШ долларына келісімшарт жасалды. Бұдан бөлек, хром кен орындарын игеру, бериллий шикізатын жеткізу және Мазари-Шарифтегі азот зауытын жаңғырту жобалары қарастырылып жатыр.
Перспективалы бағыттардың бірі - жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастық болып табылмақ. Тараптар 45 млн АҚШ долларына келісім жасасып, жасанды интеллект негізіндегі диагностикалық жабдықтарды жеткізуге, Ауғанстанның денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға және ұлттық телемедицина желісін құруға уағдаласты.
Сондай-ақ, екі ел арасындағы көлік дәліздерін дамыту да ерекше маңызға ие. Қазақстан Ауғанстан аумағы арқылы Үнді мұхиты порттарына шығатын теміржол желісін кеңейтуге мүдделі. Мұндай бағыттар өңірлік сауданы нығайтудың, транзиттік әлеуетті арттырудың және экспорттық маршруттарды әртараптандырудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

