Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Париждің Үлкен мешітінің ректоры Шемс-Эддин Хафизбен кездесті. Кездесуде дінаралық диалогты нығайту, мәдени байланыстарды дамыту және бірлескен бастамаларды ілгерілету мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның конфессияаралық келісімді нығайту тәжірибесін және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің халықаралық диалогты дамытудағы рөлін талқылады.
2028 жылдың күзінде өткізу жоспарланған IX Съезге дайындық туралы мәлімет берді. Бұған қоса сұхбаттасын ү.ж. 7 қазанда Астанада өткен Съезд Хатшылығының 24-отырысының қорытындыларымен таныстырды.
Кездесуге қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда қаза тапқан мұсылман әскери қызметшілердің рухына тағзым ету және олардың есімдерін ұлықтау мәселесіне ерекше назар аударды. Тараптар әскери қорымдарды тарихи және діни дәстүрлерді ескере отырып, ұқыпты күтіп ұстаудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ Қазақстанның мәдени және рухани мұрасын Францияда танытуға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Шемс-Эддин Хафиз өз кезегінде биыл 100 жылдығын атап өтіп жатқан Париждің Үлкен мешітінің қызметі туралы баяндады. Ол мешіттің білім беру және мәдени бастамаларына, сондай-ақ Франция қоғамындағы дінаралық өзара түсіністікті нығайтудағы рөліне тоқталды.
Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты байланыстарды сақтауға және практикалық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі екенін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
