15.09.2026, 14:07 14147 / 2653

Сауда көлемін екі есе арттыру, жаңа инвестициялық жобалар және Alatau City: Тоқаевтың Оңтүстік Корея премьер-министрімен кездесуінің қорытындысы

Сауда көлемін екі есе арттыру, жаңа инвестициялық жобалар және Alatau City: Тоқаевтың Оңтүстік Корея премьер-министрімен кездесуінің қорытындысы
Қазақстан мен Оңтүстік Корея өзара тауар айналымын екі есе арттырып, қосылған құны жоғары өнімдер саудасын кеңейтуді көздеп отыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

"Күн тәртібінде екіжақты тауар айналымын екі есе арттыру міндеті тұр. Ол үшін көлемді ұлғайтып қана қоймай, сауданың құрылымын өзгертіп, қосылған құны жоғары тауарлар номенклатурасын кеңейте түсу қажет. Сондықтан Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеу өте өзекті деп білемін. Сонымен қатар локализациялау және өнімді үшінші нарыққа шығару бойынша перспективті жобаларды қамти отырып, өндірістік кооперацияның жеке жол картасын дайындау маңызды деп санаймын", - деді Тоқаев.


Президент Оңтүстік Корея Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің ондығына кіретінін атап өтті. Елімізде корей капиталының қатысуымен мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің кәсіппен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Осы бағытта қазақ-корей үкіметтері қажетті шараларды атқарып жатыр.

Корея Республикасының премьер-министрі өз кезегінде Қазақстанды Корея Республикасының Орталық Азиядағы ірі сауда және инвестициялық серіктесі деп атады.

"Осы саммит аясында екі ел арасындағы ынтымақтастық, әсіресе, экономика, энергетикалық тасымал тізбегі бағыттарында жандана түседі деп үміттенемін. Сондай-ақ Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның әлеуетті серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын", - деді Хан Сон Сук.


Тараптар сондай-ақ көлік және логистика, аса маңызды материалдар, автомобиль жасау, цифрландыру, жасанды интеллект және медицина салаларындағы бірлескен жобаларды талқылады.

Тоқаев Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мёнмен алдағы келіссөздердің ерекше маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашуы тиіс.

Естеріңізге сала кетсек, Оңтүстік Кореяның ірі корпорациясы Қазақстандағы технологиялық жобаларға шақырылды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны