15.08.2026, 14:15 58246

Үш жыл жүргізілген келіссөз: Қазақстан Оңтүстік Кореяның жұмыспен қамту жүйесіне енгізілді

Үш жыл жүргізілген келіссөз: Қазақстан Оңтүстік Кореяның жұмыспен қамту жүйесіне енгізілді
Қазақстан Оңтүстік Кореяның Employment Permit System (EPS) жұмысқа орналасуға рұқсат беру жүйесіне ресми түрде енгізілді. Бұл шешім Қазақстан мен Корея Республикаларының арасында жұмыспен қамту және еңбек саласында, соның ішінде мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы болды.

Осы саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі Корея Республикасының сол кездегі президенті Юн Сок Ёльдің 2024 жылғы маусымда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша бекітілген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөздер барысында тараптар жұмыспен қамту және еңбек саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты. Бұл тармақ екі мемлекеттің Бірлескен мәлімдемесіне енгізілді.

Сапар аясында Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың Қазақстанды Кореяның Employment Permit System жүйесіне енгізу ниетін растады.

Жұмыс дипломатиялық бағытта да жалғасты. Биыл шілде айында Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі Асет Исенали Сеулде Корея Республикасы Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі Халықаралық ынтымақтастық бюросының бас директоры Чан Хён Сокпен кездесті.

Тараптар еңбек көші-қоны, жұмыспен қамту және білікті кадрлар даярлау салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына ерекше назар аударылып, кездесу қорытындысы бойынша тиісті бастамаларды ілгерілету жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

14 тамызда Корея Республикасының үкіметі Қазақстанды Е-9 жүйесіне қатысушы елдердің қатарына енгізу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Қазақстан EPS жүйесіне қатысушы 18-ші мемлекет болады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанды аталған жүйеге енгізу жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстанға кореялық сарапшылар делегациясы келген болатын. Олар елдің жүйені іске қосуға дайындығын, соның ішінде EPS орталығын ашу, корей тілінен тестілеу өткізу, кандидаттардың кәсіби дағдылары мен денсаулық жағдайын бағалау мүмкіндіктерін зерделеген еді.

Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Корея тарапы Қазақстанды бағдарламаға қатысуға дайын деп таныды.

Алғашқы қазақстандықтар EPS арқылы Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге 2028 жылдан бастап бара алады деп күтілуде. Оған дейін екі ел өзара түсіністік туралы үкіметаралық меморандум жасасып, Қазақстанда корей тілінен тестілеуге арналған EPS-TOPIK орталығын құруы керек.

EPS шетелдіктерді ресми мемлекеттік тетіктер арқылы Оңтүстік Кореяда ұйымдасқан түрде жұмысқа орналастыруды көздейді. Қазақстандықтар тілдік тестілеуден, кәсіби дағдыларын бағалаудан және медициналық тексеруден өтуге тиіс.

Еңбек министрлігі бағдарлама ресми түрде іске қосылғанға дейін азаматтарға Оңтүстік Кореяға кепілді немесе жеделдетілген тәртіппен жұмысқа орналастыруға уәде беретін делдалдарға ақша төлемеуге кеңес берді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны