Тоқаев Италияның премьер-министрін Үкімет жұмысының рекордтық мерзімімен құттықтады
Президент сондай-ақ оның Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдетуге қосқан үлесін жоғары бағалады
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони басқаратын Үкімет Италия Республикасы тарихында ең ұзақ уақыт қызмет еткен үкімет болды. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мелониді осы жетістігімен құттықтай отырып мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
"Оның парасатты әрі мықты басшылығы, Италияның ұлттық мүдделері мен абыройын қорғауға деген берік ұстанымы елдің тұрақты экономикалық өсіміне және әлемдік аренадағы позициясының нығаюына ықпал етті", - деп жазды Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ оның Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен стратегиялық серіктестікті тереңдетуге қосқан үлесін жоғары бағалады.
"Тығыз ынтымақтастығымыз одан әрі жалғасады деп сенемін. Премьер-министр Мелониге жоғары лауазымындағы қызметіне толағай табыс, сондай-ақ Италияның одан әрі өркендеуі мен дамуы жолындағы еңбегіне сәттілік тілеймін", - деп толықтырды ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

