13.09.2026, 17:24 28617 / 5366

Тоқаев Үндістанда өткен БРИКС саммитінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді

Тоқаев Үндістанда өткен БРИКС саммитінің ұйымдастырылуына жоғары баға берді
Сурет: Ақорда
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан премьер-министрі Нарендра Модиді Нью-Делиде БРИКС саммитінің табысты өтуімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.

Мемлекет басшысы саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына, сондай-ақ әлемдік экономикада көшбасшылардың бірі саналатын Үндістанның ғылыми-техникалық саладағы тамаша жетістіктеріне және халықаралық аренадағы зор беделіне тоқталды.

"Үндістан Сіздің парасатты әрі тегеурінді басшылығыңызбен прогресс пен орнықты даму жолында алға қарай нық қадам басып келеді", - деді Тоқаев.


Президент Қазақстан мен Үндістан арасындағы қарым-қатынастардың дамуына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда үнді капиталының үлесі бар 600-дей компания нәтижелі жұмыс істейді. Былтыр елімізге 150 мыңға жуық Үндістан азаматы келген.

Өз кезегінде Моди Тоқаевқа БРИКС саммитіне қатысқаны үшін алғыс айтып, оның сөйлеген сөзіне жоғары баға берді.

Тараптар сондай-ақ энергетика, цифрландыру, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Жоғары технологиялар мен креативті индустрияларға, соның ішінде Astana Hub пен Хайдарабадтағы Cyberabad технологиялық экожүйесі арасындағы ықтимал ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Моди Қазақстан өкілдерін, әсіресе жастарды, келесі жылы Мумбайда өтетін WAVES креативті индустриялар саммитіне қатысуға шақырды.

Бұған дейін Қазақстан басшысы саммитте сөйлеген сөзінде зорлық-зомбылықтан әлемдік экономикаға келген шығын $22 трлн-ға жеткенін мәлімдеп, өңірлік қақтығыстарды бәсеңдетуден саяси диалог пен дипломатия арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылыққа көшуге шақырды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны