14.06.2007, 17:46 2941

Байқоңыр ғарыш айлағына "Прогресс М-61" жүк кораблі жеткізілді

БАЙҚОҢЫР. 14-маусым. Kazakhstan Today. Байқоңыр ғарыш айлағына "Прогресс М-61" жүк кораблі жеткізілді. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығынан хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше Төретам бекетіне Королев қаласындағы зауыттан темір жолмен "Прогресс М-61" ғарыштық аппараты жеткізілген. "Кедендік рәсімдеу процедураларынан кейін ғарыштық аппарат пен қосалқы жабдықтар тиелген вагон Төретам бекетінен темір жолмен №254 алаңның монтаж-сынақ корпусына дейін жеткізілді. Кешікпей ғарыш аппараты контейнерлерден арнаулы стендтерге ауыстырылып қойылады", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ғарыш айлағының мамандары жуырда ғарыштық жүк кемесін ұшырылымға дайындай бастайды. "Байқоңыр" орталығының мәліметінше, жалпы биыл "Прогресс" жүк кемелерінен төртеуді ұшыру жоспарланған. Олар Халықаралық ғарыш станциясына азық-түлік, жабдықтар мен отын жеткізуге тиіс.

"Прогресс" жүк кемесі алғаш рет 2007-жылдың 18-қаңтарында, екіншісі 12-мамырында ұшырылған. Ал төртінші жүк кемесі жылдың аяғында ұшырылады. "Прогресс М-61" маркалы үшінші жүк кемесі "Союз-У" зымыран тасығышымен 2007-жылдың тамызында Халықаралық ғарыш станциясына пилотты кемені жіберер алдында ұшырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны