28.12.2006, 10:29 2654

Байқоңыр ғарыш айлағынан Францияның "Сorot" жер серігін "Союз-2.1б" зымыран тасығышы мен "Фрегат" үдеткіш блогы алып ұшты

БАЙҚОҢЫР. 28-желтоқсан. Kazakhstan Today. 27-желтоқсанда меже бойынша 20 сағат 23 минутта Байқоңыр ғарыш айлағынан Францияның астрофизикалық зерттеулерге арналған "Сorot" (Cоnvection Rоtation and planetary transits) жер серігін "Союз-2.1б" зымыран тасығышы мен "Фрегат" үдеткіш блогы алып ұшты, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының ақпаратына сәйкес, ғарыштық аппарат тиісті орбитаға шығарылды, ол жуырда Еуропаның ғарыштық агенттігіне пайдалануға өткеріледі.

"Сorot" -диаметрі 30 см-лік екі парабола түріндегі айналардан тұратын фокустық қашықтығы 1,1 метрлік телескоп орнатылған шағын жер серігі. Жер серігінің салмағы 600 килограмм, телескоптың салмағы - 300 килограмм.

Жоба бойынша бұл телескоп 2,5 жылда 120 мың жұлдызды бақылауға мүмкіндік беруге тиіс. Оның басты мақсаты - жұлдыздардың жарықтығындағы мардымсыз өзгерістердің өзін анықтау. Алынған ақпараттардың негізінде осы жұлдыздардың салмағын, жасы мен химиялық құрамын анықтауға, сондай-ақ Жермен бірдей мөлшердегі ғаламшарлары бар, мөлшері жағынан да бірдей жұлдыздарды табуға болады, дейді ғарыш мамандары.

"Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының баспасөз хатшысы Олег Урусовтың хабарлауынша, "Союз-2.1б" зымыран тасығышы - бұл жаңа үшінші сатылы қозғалтқыш орнатылған және жүк көтерімділігі шамамен бір тоннаға (950 килограмм) көбейтілген, модернизацияланған "Союз-2.1б" зымыран тасығышының Байқоңырдан алғаш рет ұшырылуы. Алғашқы екі сатысының қозғалтқыштары дәл осындай болып келетін және сандық басқару жүйесі бар "Союз-2.1а" зымыран тасығышынан бір ерекшелігі - зымыранда жаңартылған үшінші сатысының болуында. Бұған дейін Плесецк және Байқоңыр ғарыш айлақтарында жүзеге асырылған "Союз-2.1а" зымыран тасығышының екі ұшырылымы жаңа бағдарламалық қамтамасыздық пен сандық басқару жүйесін сынақтан өткізуге мүмкіндік берді. Ал "Союз-2.1б" зымыран тасығышының ұшырылымы "Союз" тобындағы зымыран тасығыштары паркін жаңалауға және аппараттарды ғарышқа шығару бағытындағы міндеттер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

"Союз-2.1б" зымыран тасығышының ұшырылымы - Байқоңыр ғарыш айлағынан биыл жүзеге асырылған 16-шы ұшырылым болды (тағы екі құрлықаралық зымыран Ресей қорғаныс министрлігінің мүддесіне ұшырылды).

2007-жылғы ғарыштық ұшырылымдар бағдарламасы қаңтарда бсталады. 18-қаңтарда 1-алаңнан "Прогресс М-59" жүк кораблі мен "Союз-У" зымыранын ұшырылады. Ғарыштық жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына азық-түлік, су және отын жеткізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны