13.12.2006, 18:37 3002

Байқоңырда алдағы төрт ұшырылымға дайындық жүргізілуде

БАЙҚОҢЫР. 13-желтоқсан. Kazakhstan Today. Байқоңырда таяу уақыттарға межеленген төрт ұшырылымға дайындық жүргізілуде, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Мәселен, "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 95-алаңда үш бірдей "Глонасс-М" ғарыштық аппараттарын алып ұшатын ДМ үдеткіш блогы мен "Протон-К" зымыран тасығышын ұшыруға дайындық жұмыстары жалғасуда. Арнаулы бейімдегіште ғарыштық аппараттардың электр желілері тексерілуде. Зымыранның өзін кешенді сынақтарға дайындауда.

Ресейдің ғаламдық навигациялық жүйелері 26-желтоқсанда Астана уақытымен 2 сағат 18 минутта ұшырылады деп межеленген.

Сонымен бір уақытта Францияның "Korot" астрофизикалық зерттеулерге арналған жер серігін алып ұшатын "Союз-2" зымыран тасығышы мен "Фрегат" үдеткіш блогын ұшырылымға әзірлеу жұмыстары жалғасуда. Үдеткіш блок кеше 112-алаңның монтаж-сынақ корпусына жеткізілді. Бұл жерде үдеткіш блок пен "Korot" жер серігі түйістіріледі. Бұдан кейін ол 31-алаңға жеткізіліп, "Союз-2" зымыран тасығышымен толық құрастырылады.

Францияның ғарыштық телескоп аппараты 31-алаңнан 27-желтоқсанда ұшырылады.

Бұған қоса 2007-жылға межеленген ұшырылымдарға да қызу дайындықтар жүргізілуде.

"42 және 45-алаңдарда "Зенит" ұшырылым кешенін кешенді сынақтарға дайындалуда. Бұл кешеннен "Жер үсті ұшырылымдары" атты бағдарлама іске асырылады", деп хабарлайды орталық. Желтоқсанның екінші жартысында "Зенит-2М" зымыраны 45-алаңның ұшырылым кешеніне технологиялық тұрғыда шығарылады. Онда зымыраға жанармай құюды қоса ұшырылым алындағы дайындық жұмыстары толық циклде жүзеге асырылады. Бұдан кейін зымыран ұшырылым кешенінен алынып, ұшырылымға түбегейлі дайындау үшін монтаждау корпусына қайтарылады.

Ғарыш айлағының орталығында "Прогресс М-59" жүк кораблі мен "Союз-У" зымыранын ұшыруға қам жасалуда. "Қазірде жүйелері кешенді тексеруден өткен "Прогресс" жүк кораблі "Курс" жүйесін сынап көру үшін жаңғырықсыз камераға орнатылды. Бұл жүйе "ғарыштық жүк кемесін" халықаралық ғарыш станциясымен түйістіруді қамтамасыз етеді. Жаңғырықсыз камерадағы тексерістерден кейін "Прогресс" қысымды камераға жіберіліп, оның герметикалық қасиеті тексеріледі",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Жүк кемесі 2007-жылдың 18-қаңтарында ғарыш айлағының 1-алаңынан ұшырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны