14.06.2007, 19:14 2805

Байқоңырда американдық DirecTV-10 ғарыштық аппаратының шілдеге жоспарланған ұшырылымына дайындық жалғасуда

БАЙҚОҢЫР. 14 - маусым. Kazakhstan Today. Байқоңырда американдық DirecTV-10 ғарыштық аппаратының шілдеге жоспарланған ұшырылымына дайындық жалғасуда. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығынан хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, спутникті жасаған компаниялардың (Boeing) шетелдік мамандары 92А-50 алаңының монтаж-сынақ корпусының 103А технологиялық залында ғарыш аппаратын жанармай компоненттерімен және сұйытылған газбен толтыруда. "Бұдан кейін қорытынды тексеру аяқталғаннан кейін DirecTV-10 ғарыш аппараты 101 технологиялық залына орнатылады, онда аппаратты "Бриз-М" үдеткіш блогымен түйістіру және ғарыштық басқы бөлігіне орнату жүргізіледі",- деп түсіндірді орталықтағылар.

Сонымен қатар, М. Хруничев атындағы орталықтың мамандары "Бриз-М" үдеткіш блогы мен өтпелі жүйесіне электрлік және механикалық тексеру жүргізеді. Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, "Бриз-М" үдеткіш блогына қатысты жұмыстар аяқталғанан кейін ол жанармай құю үшін жөнелтіледі, одан кейін үдеткіш блок 101 технологиялық залға жеткізіледі, онда "Бриз-М" үдеткіш блогын DirecTV-10 ғарыш аппаратымен түйістіреді. Ғарыштық басқы бөлігін жинау 20-маусымнан кейінге жоспарланған.

Сондай-ақ ресейлік мамандар "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға дайындалу үстінде, зымыранның үш сатысын түйістіру мен сынау жүргізілуде. Маусымның басында американдық DirecTV-10 спутнигін ұшыруға арналған "Протон-М" зымыран тасығышын жалпы жинау жоспарланған.

"DirecTV-10" ғарыштық аппараты АҚШ аумағындағы ірі спутниктік телевидение операторы - "DirecTV" компаниясына тиесілі. Салмағы 3 тоннадан асатын "DirecTV-10" спутнигі жер маңы орбитасындағы 9 аппараттан тұратын жер серіктерінің тобын толықтырады.

Осы тектес "DirecTV-8" жер серігін "Протон-М" зымыран-тасығышы Байқоңырдан 2005-жылдың 22 мамырында "Бриз-М" үдеткіш блогының көмегімен жер орбитасына сәтті шығарылған болатын. "Протон-М" зымыран тасығышын "Бриз-М" үдеткіш блогымен және DirecTV-10 американдық телекоммуникациялық ғарыш аппаратымен ұшыру 2007 жылдың 7-шілдесіне жоспарланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны