03.04.2008, 14:11 2618

Байқоңырда AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары жалғасуда

Байқоңырда AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары жалғасуда

Байқоңыр. 3-сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Байқоңырда AMOS-3 жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлайды агенттік тілшісі ғарыш айлағындағы ақпарат көзіне сілтеме жасап.

Байқоңырдан Израильдің AMOS-3 телекоммуникациялық жер серігін ұшыруға арналған үш сатылы "Зенит-3SLB" зымыран тасығышын 2008 жылдың 24-сәуірінде ұшыру межеленген.

Бүгін №31 алаңның жанармай құю станциясында транспорттық-химиялық машина жасау жөніндегі конструкторлық бюросының мамандары станцияға кеше кешке жеткізілген AMOS-3 телекоммуникациялық жер серігіне отын компоненттері мен сұйытылған газ құю жұмыстарын жүргізуде.

Бұдан кейін AMOS-3 телекоммуникациялық жер серігі №31 алаңның монтаж-сынақ корпусына тасымалданды, онда AMOS-3 жер серігі ДМ-SLВ үдеткіш блогымен түйістіріледі.

Сонымен бірге, дайындық кестесі бойынша AMOS-3 жер серігін ұшыруға арналған "Зенит-3SLB" зымыран тасығышының соңғы тексерулерін жүргізуде.

AMOS-3 жер серігі "Зенит-3SLB" зымыран тасығышымен ұшырылады. Зымырыан тасығыштың алдағы ұшырылымы "Жер үсті ұшырылымы" деп аталатын жаңа халықаралық бағдарламаның аясында жүзеге асырылады. "Sea Launch" ("Теңіздегі ұшырылым") бағдарламасы бойынша Odyssey теңіз платформасынан жасалатын ұшырылымдар кезінде пайдаланылатын "Зенит-3SL" зымыран тасығышын ұшыру үшін ғарыш айлағында №42 алаңдағы монтаж-сынақ корпусы мен №45 алаңдағы ұшырылым кешені реконструкцияланды.

Amos-3 жер серігі орбитада 1996 жылы ұшырылған Amos-1 аппаратын алмастыруға тиіс. Amos-3 Ku-диапазондағы ретрансляторлардың таралу аймағын кеңейтіп, Таяу Шығыс, Еуропа, Африка мен Солтүстік және Оңтүстік Американың кейбір аудандарында жоғары сапалы байланыс пен мәліметтер жіберуді қамтамасыз етеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны