03.07.2007, 13:12 2450

Байқоңырда "DirecTV-10" ғарыштық аппаратын алып ұшуға арналған "Протон-М" зымыран-тасығышы ұшырылым алаңына шығарылды

БАЙҚОҢЫР. 3-шілде. Kazakhstan Today. Байқоңырда "DirecTV-10" ғарыштық аппаратын алып ұшуға арналған "Протон-М" зымыран-тасығышы ұшырылым алаңына шығарылды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығынан хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, АҚШ-тың "DirecTV-10" ғарыштық аппаратын ұшырылымға дайындаудың ақырғы кезеңіне көшу жөніндегі шешім кеше мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды.

"Бүгін жергілікті уақытпен 6 сағат 30 минутта "Протон-М" зымыран тасығышы 92-1 алаңының монтаж-сынақ корпусынан шығарылды. Онда зымыран тасығыш, "DirecTV-10" ғарыштық аппараты мен бас бөлігі, "Бриз-М" үдеткіш блоктары түйістіріліп, 200 алаңның ұшырылым "үстеліне" тік күйінде табысты орнатылды",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Зымыран тасығышқа қызмет көрсету фермалары жеткізіліп, М.Хруничев атындағы ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының мамандары зымыран тасығыш пен ұшырылым кешенінің жүйелерін бірінші ұшырылым күнінің кестесіне сәйкес тексере бастады, жұмыстар ұшырылымға дейін төрт күнге созылады.

"DirecTV-10" ғарыштық аппараты АҚШ аумағындағы ірі спутниктік телевидение операторы - "DirecTV" компаниясына тиесілі. Салмағы 3 тоннадан асатын "DirecTV-10" спутнигі жер маңы орбитасындағы 9 аппараттан тұратын жер серіктерінің тобын толықтырады. Ол 15 жылға есептелген және HDTV (High Definition Television) форматындағы айқындығы жоғары сандық телевидение хабарларын таратуға арналған. Ол АҚШ, Аляска және Гавай аралдары аумағында кабельдік және жалпыұлттық желілер арқылы хабар тарататын болады.

Осы тектес "DirecTV-8" жер серігін "Протон-М" зымыран-тасығышы Байқоңырдан 2005-жылдың 22 мамырында "Бриз-М" үдеткіш блогының көмегімен жер орбитасына шығарылды.

"Протон-М" зымыран тасығышы "Бриз-М" үдеткіш блогы мен АҚШ-тың телекоммуникациялық "DirecTV-10" аппаратын алып 2007-жылдың 7-шілдесінде Астана уақытымен 7 сағат 16 минутта ұшырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны