12.03.2007, 17:12 3060

Байқоңырда Канада мен Арабияның байланыс жер серіктерін ұшыруға дайындық жұмыстары басталды

БАЙҚОҢЫР. 12-наурыз. Kazakhstan Today. Байқоңыр ғарыш айлағында 10-наурызда ғарыш кешеніне жеткізілген Канаданың "Anik F3" жер серігі, Арабияның "SaudiSat-3" жер серігі мен бес бірдей "SaudiComSat" ғарыштық аппараттарын ұшыруға дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі М. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпараттарына сүйенсек, 10-наурызда ғарыш айлағына Канаданың "Anik F3" телекоммуникациялық ғарыш аппараты мен оның қосымша құралдары жеткізілген болатын. "Дайындық барысында ғарыш аппаратының барлық жүйесіне автономиялық тексеру жүргізіліп, оның кешенді сынағы өтеді. Канаданың "Anik F3" аппаратының дайындық жұмыстарымен ғарыштық аппаратты жасап шығарған "EADS Astrium" компаниясының мамандары айналысады",- делінген М. Хруничев атындағы орталықтың баспасөз қызметінің хабарламасында.

"Anik F3" жер серігі Солтүстік Америка аумағын спутниктік байланыс қызметінің түрлерімен, телефония, Интернетке сымсыз қосылу және телехабарларын тарату қызметімен қамтамасыз етуге арналған. Жер серігі 15 жыл қызмет етуге тиіс. "Протон-М" зымыран тасығышы мен "Бриз-М" үдеткіш блогы "Anik F3" ғарыштық аппаратын алып 2007-жылғы 10-сәуірде ұшырылады деп межеленген.

Ғарыш айлағында, сондай-ақ, Арабияның "SaudiSat-3" жер серігі мен бес бірдей "SaudiComSat" аппаратын ұшыруға да дайындық жұмыстары басталды. "SaudiSat-3" жер серігі жер қабатының суретін түсіру мен зонд жүргізуге арналған. "SaudiComSat" аппараттары сателлиттік жер серіктері тобын құруға және ғарыш байланысы қызметін көрсетуге арналған.

"SaudiSat-3" жер серігі мен "SaudiComSat" ғарыш аппараттарын "Днепр" зымыран-тысығышының көмегімен 27-наурызда ұшыру жоспарланған. Бұл 2006 жылдың шілдесінде "Днепр" зымыран тасығышының апатқа ұшырауына байланысты Қазақстанның мораторий жариялауынан кейінгі бірінші ұшырылым болмақ.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны