02.03.2007, 13:26 3055

Байқоңырда Канаданың "Anik F3" жер серігі мен "Протон-М" зымыран тасығышын ұшыруға дайындық басталды

БАЙҚОҢЫР. 2-наурыз. Kazakhstan Today. Байқоңырда Канаданың "Anik F3" жер серігін ғарышқа алып ұшатын "Протон-М" зымыран тасығышы мен "Бриз-М" үдеткіш блогын ұшыруға дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жуырда ғарыш айлағына "Протон" зымыран тасығышының жобасы мен оны жасаған кәсіпорындардың мамандар тобы келіп жетті. Олар техникалық және ұшыру кешендерін дайындап, "Протон-М" зымыран тасығышының үш сатысын құрастырып, сынақтан өткізуге тиіс. М.Хруничев атындағы орталықтың бөлімшелері - ғарыштық-зымыран техникаларын пайдалану зауыты мен "Салют" конструкторлық бюросының мамандары ғарыш айлағының жер үсті инфрақұрылымы мен зымыран тасығышты жоспарға сай дайындауға кірісті.

Зымыран тасығыш пен ғарыш аппаратына қатысты біріккен операцияларды жүзеге асыратын ресейлік және шетелдік мамандардың негізгі топтары ғарыш айлағына наурыздың алғашқы жартысында келмек. Ғарыштық аппарат Байқоңырға 11-наурызда жеткізіледі.

"Anik F3" жер серігі Солтүстік Америка аумағын спутниктік байланыс қызметінің түрлерімен, телефония, Интернетке сымсыз қосылу және телехабарларын тарату қызметімен қамтамасыз етуге арналған. Жер серігі 15 жыл қызмет етуге тиіс.

"Anik F3"ғарыштық аппаратын "EADS Space" компаниясы "Eurostar-3000" базасында Канаданың байланыс операторы - "Telesat" компаниясының тапсырысымекн жасаған.

"Протон-М" зымыран тасығышы мен "Бриз-М" үдеткіш блогы "Anik F3" ғарыштық аппаратын алып 2007-жылғы сәуірде ұшырылады деп межеленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны