23.05.2006, 14:47 2982

Байқоңырда Қазақстанның «KazSat» жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары одан әрі жалғасуда

БАЙҚОҢЫР. 23-мамыр. Kazakhstan Today. Байқоңырда Қазақстанның «KazSat» жер серігін ұшыруға дайындық жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне “Байқоңыр” Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

“22-мамырда № 31 алаңның жанармай құю станциясында көлік және химиялық машина жасау жөніндегі конструкторлық бюроның мамандары ДМ-3 үдеткіш блогына отын мен сұйытылған газ құйды”,- деп хабарлайды “Роскосмос”.

Сонымен бірге «KazSat» ғарыштық аппаратының күн батареяларын монтаждау аяқталып, қазір жер серігінің электр қамтамасыздығы жүйелері тексерілуде. Бүгін “Протон-К” зымыран тасығышының дербес сынақтары басталды. Зымыранды басқару жүйесін дербес зерттеуге арналған схема жинақталып, жылулық бақылау жүйесінің кешенді сынақтары жүргізілуде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық-өндірістік орталығымен арадағы Қазақстанның тұңғыш геостационарлық жер серігін жасап ұшыру туралы келісім-шартына 2004-жылдың қаңтарында қол қойылды. Келісім-шартында ғарыштық аппаратты басқаруға және ұшырау барысында бақылауға арналған жер үсті инфрақұрылымын құру, сондай-ақ, ұлттық мамандарды оқытып дайындау қарастырылған.

“Kazsat” – Қазақстанның тұңғыш ғарыштық аппараты. Оны ұшырып пайдалану нәтижесінде Қазақстанда ғарыштық бағдарлама шынайы іске асырыла бастайды. “Kazsat” жер серігін құруға бағытталған ынтымақтастықтың негізгі принциптері мен шарттары, оны геостационер орбитаға шығару, оның негізінде Қазақстанның ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесін құру принциптері мен шарттары Ресей және Қазақстан үкіметтері арасында 2005-жылдың 18-қаңтарында Мәскеуде қол қойылған келісімде айқындалған.

“Kazsat” жер серігі 18-маусымда ұшырылады деп межеленген. Ұшыру шарасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ президенті Владимир Путин қатысады деп күтілуде.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны