31.07.2007, 12:42 6230

Байқоңырда "Союз-У" зымыраны мен "Прогресс М-61" жүк кемесі ұшырылым "үстеліне" орнатылды

БАЙҚОҢЫР. 31 шілде. Kazakhstan Today. Байқоңырда "Союз-У" зымыраны мен "Прогресс М-61" жүк кемесі ұшырылым "үстеліне" орнатылды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше кешке мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда "Прогресс М-61" жүк кемесінің ұшырылым алдындағы дайындық жұмыстарының ақырғы кезеңін тікелей ұшырылым позициясында өткізуге шешім қабылданды.

"Бүгін жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 7-де "Союз-У" зымыран тасығышы №112 алаңның монтаж-сынақ корпусынан шығарылды, онда зымыран тасығыш пен "Прогресс М-61" жүк кемесі және зымыранның бас бөліктері түйістіріліп, №1 алаңның ұшырылым кешеніне тасымалданды. 10 сағат 30 минутта зымыран тік күйінде ұшырылым "үстеліне" орнатылып, қызмет көрсету фермаларына қосылды", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ғарыш айлағының мамандары бірінші ұшырылым күнінің кестесі бойынша жұмысқа кірісіп, жер үсті және борт жабдықтарын түйістіруде. Түйістіру жұмыстарынан кейін зымыран тасығыш пен ғарыш аппаратының жүйелері тексеріледі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, бұл ұшырылым ғарыштану теориясының негізін қалаушы-ғалым К.Э.Циолковскийдің 150 жылдық мерейтойына арналғандығымен ерекше. Мерейтойлық "Прогресс М-61" жүк кемесі Циолковскийдің суретін алып ұшады.

"Прогресс М-61" жүк кемесі Халықаралық ғарыш станциясына борт компьютерлерінің жабдықтары мен негізгі жүк болып саналатын азық-түлік, ғылыми жабдықтар мен отын жеткізуге тиіс.

"Прогресс М-61" жүк кемесі мен "Союз-У" зымыран тасығышы 2-тамызда Астана уақытымен 21 сағат 32 минутта (Мәскеу уақытымен 19 сағат 32 минут) ұшырылады деп межеленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны