14.11.2006, 15:16 2970

Байқоңырдан желтоқсанда төрт ғарыштық ұшырылым жасалады

БАЙҚОҢЫР. 14-қараша. Kazakhstan Today. Байқоңырдан желтоқсанда төрт ғарыштық ұшырылым жасалады. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне "Байқоңыр" Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтсақ, 12-желтоқсанда "Протон-М" зымыран-тасығышы "MeaSat-3" ғарыштық аппаратына алып ұшады. Қазір М.Хруничев атындағы орталықтық қызметкерлері 92А-50 монтаж-сынақ корпусында "Протон-М" зымыран-тасығышының бірінші сатысын құрастыруға кірісті.

Ғарыш айлағындағы бұдан кейінгі ұшырылым 16-желтоқсанда жүзеге асырылады. Жеңіл зымыран-тасығыштар тобына жататын және экологиялық қауіпсіз "Зенит-3" зымыран-тасығышы Ресейдің "Космос" сериялы ғарыштық аппаратын Жер орбитасына шығарады. "Зенит-3" Байқоңыр ғарыш айлағында жуырда "Даладағы ұшырылым" бағдарламасына сәйкес жаңадан модернизацияланған ұшгырылым кешенінен алғаш рет ұшырылмақ. Бұл бағдарламаның осылайша аталу себебі, "Зенит" кейінгі жылдары Тынық мұхитындағы қалқымалы теңіз платформасынан "Теңіздегі ұшырылым" бағдарламасы бойынша ұшырылып келген болатын. Ал енді Байқоңыр ғарыш айлағындағы жер үсті ұшырылымын пайдалану туралы шешім қабылданып отыр, деп хабарлайды баспасөз қызметі. "Зенит-3" зымыран-тасығышын ұшыруға дайындық жұмыстары 42-алаңның монтаж-сынақ корпусында қыркүйектен бері жүргізіліп жатыр.

Сонымен бірге өткен аптада Байқоңырда "Союз-2" жаңа буын зымыран-тасығышын екінші рет ұшыруға дайындық жұмыстары басталды. "Прогресс" және "Энергия" зымыран-ғарыштық кешенінің мамандары 112-алаңның монтаж-сынақ корпусында "Союзды" құрастыра бастады. Ол "Korot" деп аталатын Францияның астрофизикалық зерттеулерге арналған жер серігін ғарышқа жеткізуге тиіс. "Союз-2" зымыран-тасығышы "Korot" жер серігін алып, 31-алаңнан 21-желтоқсанда ұшырылады.

Ал 25-желтоқсанда "Протон-К" зымыран-тасығышы "Глонасс" ғаламдық навигациялық жүйесіне енетін ресейлік үш жер серігін алып ұшады.

"Егер желтоқсандағы жоспар орындалатын болса, Байқоңыр ғарыш айлағынан 2006-жылы ұшырылатын түрлі үлгідегі зымыран-тасығыштардың саны 19-ға жетіп, былтырғы көрсеткіштен артады (18). Сөйтіп Байқоңыр әлемдегі барлық ғарыш айлақтары арасынан ұшырылымдар саны бойынша жетекшілік ролін сақтап қалады",- деп хабарлайды орталық.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны