18.06.2007, 12:23 2575

Байқоңырға Жапонияның JCSAT-11 жер серігін ұшыруға арналған "Протон-М" зымыран -тасығышы жеткізілді

БАЙҚОҢЫР. 18-маусым. Kazakhstan Today. Байқоңырға Жапонияның JCSAT-11 жер серігін ұшыруға арналған "Протон-М" зымыран -тасығышы жеткізілді. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, зымыран-тасығыштың блоктары тиелген вагон Төретам станциясына 16-маусымда жеткізілген. Қажетті кедендік процедурадан кейін зымыран-тасығыштың блоктары мен қосалқы жабдықтар тиелген вагон 95-алаңның монтаж-сынақ корпусына жеткізілді. Онда зымыран -тасығыштың сатылары құрастырылып, зымыран жүйелері ұшырылымға дайындала бастайды.

Хруничев атындағы орталық мамандырының мәліметінше, Жапонияның телекоммуникациялық JCSAT-11 жер серігін ұшыру жөніндегі келісім-шарты 2006-жылдың ақпан айында жасалынған. Келісімге Ресей-АҚШ бірлескен International Launch Services (ILS) кәсіпорны мен Жапонияның телекоммуникациялық JSAT Corporation компаниясы қол қойды. Жер серігін Lockheed Martin Commercial Space Systems компаниясы жасап шығарса, Жапония мен көршілес өңірдегі тұтынушылар үшін телекоммуникациялық қызметті жапониялық байланыс операторы - JSAT Corporation компаниясы көрсетеді.

Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, бұл Ресейдің "Протон" ғарыш кемесі Жапонияның JCSAT сериялы жер серігін бірінші рет алып ұшуы болмақ. Бұған дейін осы тектес ауыр жер серіктерін "Зенит-3SL" зымыран тасығышы (2006-жылдың сәуір айында JCSAT-9 жер серігін) теңіздегі қалқылмалы платформадан және Еуропаның "Ариан-5" зымыраны (2006-жылдың тамызында JCSAT-10 жер серігі) алып ұшқан.

"Протон-М" зымыран тасығышы JCSAT-11 ғарыштық аппаратын 2007-жылдың жазының аяғы мен күздің басында алып ұшады деп межеленген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны