01.08.2006, 14:49 2820

"Днепр" зымыранының құлау зардаптарын жою жөніндегі Қазақстан мен Ресейдің үкіметтік комиссияларының бірлескен отырысы 4-тамызда өтеді

АСТАНА. 1-тамыз. Kazakhstan Today. "Днепр" зымыранының құлау зардаптарын жою жөніндегі Қазақстан мен Ресейдің үкіметтік комиссияларының бірлескен отырысы 4-тамызда Астанада өтеді. Осындай шешім кеше "Днепр" зымыранының құлау зардаптарын жою және оны зерттеу жөніндегі республикалық үкіметтік комиссияның кезекті жұмыс бабындағы жиналысында қабылданды, деп хабарлайды ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Кеше өткен отырыс барысында комиссия төрағасы, білім және ғылым министрінің орынбасары Азамат Ибдімомынов атқарылған жұмыстар туралы ақпар берді. Атап айтсақ, 29-шілдеде комиссия Астанаға апат орнынан алынған топырақ пен су сынамаларын жеткізіп, олар ҚР білім және ғылым министрлігінің үш ғылыми зертханасына, атап айтсақ, "Инфракос-Экос" еншілес мемлекеттік кәсіпорнының зертханасына, Степногорск қаласындағы "Биомедпрепарат-инжиниринг орталығы" еншілес мемлекеттік кәсіпорнының мониторинг жөніндегі зертханасына және Қазақ Ұлттық университетінің физика-химиялық зерттеу әдістері орталығына жолданды.

"Комиссияның мәліметтері бойынша зерттеулер нәтижесі 2-тамызда белгілі болады",- делінген хабарламада.

Сонымен бірге бүгін комиссия төрағасы Азамат Ибдімомынов пен штаб бастығы - ҚР төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Болатбек Қуандықов бүгін баспасөз мәслихатын өткізбекші.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны