25.01.2007, 16:13 3045

Қазақстанда ғарыш ғылымын дамытуға мемлекеттік бағдарлама аясында 2007-жылы 1 млрд теңге қарастырылған

АЛМАТЫ. 25-қаңтар. Kazakhstan Today. Қазақстанда ғарыш ғылымын дамытуға мемлекеттік бағдарлама аясында 2007-жылы 1 млрд теңге қарастырылған.

Бұл туралы бүгін "Қазақстан Республикасында 2005-2007-жылдарда ғарыштық қызметті дамыту туралы" мемлекеттік бағдарлама аясындағы ғылыми зерттеулер мен сынақ жұмыстарының алдын-ала қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында "Астрофизикалық зерттеулер орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Ионосфера институты" еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры Виктор Дробжев құлағдар етті.

"2007-жылы ғылыми зерттеулерге 1 млрд теңге арналған, нақты айтсақ, 1 млрд 169 млн теңге",- деді ол. "Соның ішінде 2005-2007-жылдарға ғарыш саласының мамандарын дайындау мен қайта дайындауға 455,3 млн теңге бөлінді",- деді ол.

Ал "Астрофизикалық зерттеулер орталығы" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Жұмабек Жантаев Қазақстан үшін ғарыш саласын дамытудың маңызын атай отырып, журналистерге үш жылдық мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2005-2006-жылдарда қол жеткізілген алдын-ала нәтижелер туралы хабарлады.

"Біздің орталықтың қызметкерлері екі жылда бірқатар мақсат-міндеттерді атқарып шықты",- деді Ж.Жантаев. "Атап айтсақ, қазақстандық ғарышкерлердің ғарыштық сапары барысында Халықаралық ғарыш станциясында жүргізілген ғылыми зерттеулер мен сынақ жұмыстарының бағдарламасын жасау, Қазақстанның ғылыми бағдарламасын жүзеге асыру үшін Функциялық жүк тасушы 2-ші блоктың базасындағы көп мақсатты зертханалық модульді жабдықтауға қатысты техникалық ұсыныстардың жобасын жасау жұмыстары атқарылды. Ғарыш кеңістігінің жерге жақын бөлігіне радиациялық мониторинг жүргізу жүйесі ұйымдастырылып, Қазақстан аумағына ғарыштық мониторинг жүргізудің ұлттық жүйесін дамыту жұмыстары жүзеге асырылды. Біз ғарыш саласына арнап жас мамандар дайындауға да баса назар аудардық",- деді ол.

"Тұтастай алғанда мемлекеттік бағдарлама аясындағы үш жылда 45 млрд теңге жұмсау межеленген",- деді В.Дробжев."Бірақ қаржының үлкен бөлігі KazSat-1 жер серігін ұшыру мен "Бәйтерек" кешенін құруға жұмсалды. Үш жылға таза ғылыми зерттеу жұмыстарына 5- 5,5 млрд теңге межеленген",- деді ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны