01.02.2012, 11:22 27877

"Қазғарыш" 2012 жылға арналған міндеттерді белгіледі

Кеше Ұлттық ғарыш агенттігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда агенттіктің 2011 жылдағы жұмысы қорытындыланды. ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша алқа отырысын оның бірінші орынбасары Серік Ахметов өткізді.

Астана. 1-ақпан. Kazakhstan Today - "Қазғарыш" 2012 жылға арналған міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің ресми сайтының хабарлауынша, кеше Ұлттық ғарыш агенттігі алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда агенттіктің 2011 жылдағы жұмысы қорытындыланды. ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің тапсырмасы бойынша алқа отырысын оның бірінші орынбасары Серік Ахметов өткізді.

Қазғарыш төрағасы Т. Мұсабаевтың атап өтуінше, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту туралы салалық бағдарлама елімізде ғарыш саласын экономиканың ғылыми және жоғары технологиялық секторы ретінде құруды көздейді.

Елбасы Н.И.Назарбаев "Илеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасын экономиканы жаңғыртудағы басты бағдар деп атап көрсетті.

Ұлттық ғарыш агенттігінің 2011-2015 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарында екі негізгі бағыт, атап айтқанда, ғарыш инфрақұрылымын құру мен дамыту және ғылыми-техникалық базаны, кадрлық әлеуетті, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағыттары көзделген.

Мысалы, 2011 жылдың шілдесінде аталмыш жоспарды жүзеге асыру аясында "Байқоңыр" ғарыш айлағынан "KazSat-2" байланыс және хабар тарату ұлттық серігі аспан кеңістігіне ұшырылды. Өткен жылдың қараша айында "KazSat-2" штаттық пайдалануға өтті. Қазіргі таңда серік мүмкіндігінің 23 пайызы игерілген және алдағы уақытта ол 35 пайызға жететін болады.

Алқа отырысында сөз сөйлеген Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев хабарлағандай, 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында Ғарыш аппараттарын басқарудың резервтік жерүсті кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ғарыш аппараттарын басқарудың резервтік жерүсті кешені қолайсыз ауа-райында және "Ақкөл" жерүсті басқару кешенінде штаттан тыс жағдайлар туындаған кезде "KazSat" сериялы ғарыш аппараттарын үздіксіз резервтік басқаруға арналған.

Сонымен қатар, Қазғарыш Жерді қашықтықтан бақылау ғарыш жүйесін, ғарыш аппараттарын құрастыру-сынақтан өткізу кешенін, жоғары дәлдікте серіктік навигациялау жүйесін құру бойынша қарқынды жұмыстар атқаруда. Сондай-ақ, "Бәйтерек" ғарыштық ракеталық кешен құру мен "Зенит" және "Днепр" зымырантасымалдағыштарын коммерциялық мақсатта пайдалануға Қазақстанның қатысуына қол жеткізу; "Байқоңыр" ғарыш айлағының сақталуы мен тиімді пайдалануын қамтамасыз ету; фундаменталды және қолданбалы ғарыштық зерттеулер мен технологиялар мүмкіндіктерін дамыту; ғарыш қызметінің қоршаған ортаға әсер етуіне мониторинг жүргізу жұмыстары басым бағыттар қатарынан табылады.

Ағымдағы жылдың басында Мемлекет басшысы "Ғарыш қызметі туралы" ҚР Заңына қол қойды. Құжат ғарыш игеру саласында одан әрі жүйелі жұмыстар жүргізу үшін құқықтық базаны қамтамасыз етеді және заң бойынша қазақстандық ғарышты дамытудың жолдары мен қағидаларын анықтайды.

Алқа мәжілісінің барысында 2011 жылғы жұмыс қорытындылары туралы Қазғарышқа қарасты ұйымдардың басшылары жасаған есеп пен отандық ғарыш саласын құрудың негізгі мақсаттары мен міндеттері есепке алынған 2012 жылғы жұмыс жоспары тыңдалды. Алқа мәжілісінде аталып өтілгендей, өткен жылы Қазғарышқа қарасты ұйымдар ғарыш саласын дамыту бойынша кешенді ұйымдастырылған және тәжірибелік шараларды жүзеге асырды.

Алқа отырыста Ұлттық ғарыш агенттігі және оған қарасты ұйымдардың басым бағыттары анықталды.

"Қазғарыштың басты мақсаты - толыққанды ғарыш саласын құру. Бұл үшін Қазақстанда барлық мүмкіндіктер бар. Жоспарланған және жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы аяқталуы керек", - деп түйіндеді С.Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны