11.05.2006, 19:34 3140

«KazSat-2» байланыс және хабар тарату спутнигін мен жерге қашықтан зонд жүргізуші спутниктік жүйесін жасау жобаларын жүзеге асыруға тендер жарияланатын болады

АСТАНА. 11-мамыр. Kazakhstan Today. Қазақстанның ғарыштық жобаларын іске асыру мәселесі бүгін премьер-министр Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Атап айтқанда, «KazSat-2» байланыс және хабар тарату спутнигі мен жерге қашықтан зонд жүргізуші спутниктік жүйесі туралы әңгіме болды. Премьер-министр атап өткендей, таяу уақытта Қазақстанда аталған жобаларды жүзеге асыруға тендер жарияланатын болады.

Кеңеске Ресейдің жетекші ғарыштық орталықтарының жетекшілері шақырылды, олардың арасында «М. В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы», «С. Королев атындағы Энергия зымырандық-ғарыштық корпорациясы және басқалар бар. Олар «KazSat-2» және жерге қашықтан зонд жүргізуші спутниктік жүйесі жобаларын дамытудың келешегіне қатысты өз ұсыныстарын үкімет басшысының назарына ұсынды. Ұсынылған ақпаратты тыңдаған соң, премьер-министр спутниктердің, атап айтқанда жерге қашықтан зонд жүргізуші спутниктік жүйесінің басты мақсаты Каспий теңізінің қазақстандық секторын зерттеу болып табылатынын атап өтті. Даниал Ахметов Каспий өңіріндегі мемлекеттер біздің спутниктің мүмкіндіктерін пайдалануға әзір екеніне тоқталды. Бұл жайында олар 4-5 мамырда Бакуде өткен Экономикалық ықпалдастық ұйымының саммитіндегі екі жақты кездесулерде мәлімдеді.

«М.Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығының» бас директоры Владимир Нестеровтің ақпараты бойынша қазіргі уақытта «KazSat-1» қазақстандық бірінші спутнигі жоспарланған сынақтардың толық көлемінен өтті және спутник осы жылдың маусым айында орбитаға шығарылатын болады.

Кеңес жұмысын қорытқан Даниал Ахметов, толықтай алғанда, атқарылған жұмысты оң бағалады, ғарыштық жобаларды іске асырудағы Ресей мен Қазақстан арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың тиімділігін атап көрсетті. Сонымен бірге премьер-министр мүдделі министрліктерге тиімді іске асыру мақсатында қазіргі бар ғарыштық бағдарламаларды интеграциялау мәселесін пысықтауға тапсырма берді.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны