06.05.2022, 17:41 21171

Ұлттық ядролық орталықта төмен байытылған уран реакторы іске қосылды

Ұлттық ядролық орталықта төмен байытылған уран реакторы іске қосылды
Сурет: ҚР Энергетика министрлігі
НҰР-СҰЛТАН. 6 МАМЫР - 2022 жылғы 05 мамырда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық орталығында ИВГ.1М реакторын төмен байытылған уран отынымен физикалық іске қосу ойдағыдай жүзеге асырылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Жалпы алғанда, осындай жаһандық жобаны іске асыру – Қазақстанның ядролық қарудың таралу қаупін азайту жөніндегі халықаралық міндетті шешуге қосқан тағы бір маңызды үлесі", - деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

 
Ведомствода әлемде көптеген зерттеу реакторлары жоғары байытылған уранмен (ЖБУ) жұмыс істейтінін айтты. Бұл ядролық қарудың таралу қаупін тудырады, өйткені ЖБУ-ды ядролық қару жасау үшін пайдалануға болады. 
 
1978 жылдан бастап осы проблемаларды шешу үшін зерттеу реакторларын пайдаланатын әртүрлі елдер зерттеу реакторларын төмен байытылған уран (ТБУ) отынына конверсиялау туралы МАГАТЭ қолдаған халықаралық келісімдерге қол қойды. 2000 жылдардың басында Қазақстан аталған елдердің қатарына кірді. 
 
2010 жылы Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ИВГ.1М зерттеу реакторының отынын ТБУ-ға конверсиялау жөніндегі ауқымды жобаны бастады. 
 

Жобаның басты мақсаты – МАГАТЭ талаптарына сәйкес зерттеу реакторында, бұл ретте оның сипаттамаларын сақтай және жақсарта отырып, отынды байытуды 20%-дан төмен деңгейге дейін азайту", - деп хабарлады министрлікте.

 
Жобаны іске асыру барысында Ұлттық ядролық орталықтың мамандары америкалық және ресейлік әріптестермен бірлесіп конверсиялау мүмкіндігінің есептік-талдамалық негіздемесін орындады, эксперименттік төмен байытылған отын сынақтарын жүргізіп, штаттық ТБУ отынын дайындады.
 

Қазіргі уақытта ТБУ отынындағы реакторды пайдалануға берудің бірінші кезеңі, атап айтқанда ИВГ.1М реакторын физикалық іске қосу кезеңі іске асырылуда. Келесі кезең – реакторды энергетикалық іске қосу және жаңа белсенді аймақтың барлық қажетті сипаттамаларын эксперименттік анықтау аяқталғаннан кейін ИВГ.1М реакторы пайдалануға берілетін болады. Осылайша, 2023 жылы ИВГ.1М реакторында бейбіт атом саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары қайта басталады", - деп хабарлады ведомствода.

 
Бұл ретте, ведомство, есептеулерге сәйкес, реактордың шығыс сипаттамаларын сақтап қана қоймай, айтарлықтай жақсарта алатынын атап өтті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны