13.07.2016, 16:31 185548

ОҚО-да 84 түлекке облыс әкімініӊ білім гранты табысталды

Бүгін Оӊтүстік Қазақстан облысында жетім және ата-анасыныӊ қамқорлығынсыз қалған 84 мектеп бітірушісіне ақысыз оқуға мүмкіндік беретін облыс әкімініӊ білім гранттары табысталды. Түлектерге жолдамаларды облыс әкімініӊ орынбасары Ұ.Сәдібеков табыстап, игі бастамаға қолдау көрсеткен 12 жоғарғы оқу орныныӊ басшыларын облыс әкімініӊ алғыс хатымен марапаттады

Астана. 13 шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Оӊтүстік Қазақстан облысында жетім және ата-анасыныӊ қамқорлығынсыз қалған 84 мектеп бітірушісіне ақысыз оқуға мүмкіндік беретін облыс әкімініӊ білім гранттары табысталды. Түлектерге жолдамаларды облыс әкімініӊ орынбасары Ұ.Сәдібеков табыстап, игі бастамаға қолдау көрсеткен 12 жоғарғы оқу орныныӊ басшыларын облыс әкімініӊ алғыс хатымен марапаттады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

"Биылғы түлектердіӊ мектеп бітіру уақыты - Тәуелсіздіктіӊ 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Демек, биылғы жыл еліміз үшін де, біздіӊ түлектер үшін де маӊызды әрі сәтті болады деген ойдамын. Сіздер Елбасы армандаған мәӊгілік болашақтыӊ бүгінгі жас құрылысшылары екендеріӊізді еш уақытта естен шығармаӊыздар. Себебі, Елбасымыз жастардыӊ білімді, еӊбекқор, бастамашыл, белсенді болуын үнемі айтып отырады. Білім арқылы сіздер еліміздіӊ үлгілі азаматы болады деп сенемін", - деді Ұ.Сәдібеков.

Атап айтқанда, Оӊтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты мен Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінен 15 орыннан 30 орын бөлінсе, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті 10 білім грантын тағайындаған. М.Иуезов атындағы Оӊтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен "Сырдария" университеті 8 гранттан 16 орын дайындаса, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті 6 грант, Қазақстан инженерлі-педагогикалық халықтар достығы университеті мен "Мирас" университеті және Оӊтүстік Қазақстан педагогикалық университетінен 5 орыннан 15 білім гранты табысталды. Ал "Шымкент" университеті мен Оӊтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы 3 орыннан 6 білім грантын бөлсе, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ-да 2 түлек тегін оқитын болады.

Айта кету керек, 2015-2016 оқу жылында облыста 199 жетім және ата-анасыныӊ қамқорлығынсыз қалған балалар (28-і балалар үйлері түлектері) 11-сыныпты бітірді. Олардыӊ 84-ы облыстағы жоғарғы оқу орындарына, 100-і колледждерде, 6-ы республиканыӊ басқа өӊірлерінде білім алуға, 9-ы жұмыс істеуге ниет білдірді. Жоғарғы оқу орындарында оқуға ниет білдірген 128 түлектіӊ 90-ы Ұлттық бірыӊғай тестілеу нәтижесінде 50 балдан жоғары жинады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны