"Протон-М" зымыран тасығышы мен Eutelsat W2A ғарыштық аппараты Байқоңыр ғарыш айлағының №200 алаңының ұшырылым үстеліне орнатылды
Байқоңыр. 31 наурыз. "Қазақстан Бүгін" - "Протон-М" зымыран тасығышы мен Eutelsat W2A ғарыштық аппараты Байқоңыр ғарыш айлағының №200 алаңының ұшырылым үстеліне орнатылды, деп хабарлайды агенттік тілшісі ғарыш айлағындағы ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Бүгін таңертең "Протон-М" зымыран тасығышы темір жол платформасымен №112 алаңның монтаж-сынақ корпусынан ұшырылым кешеніне жеткізіліп, №1 алаңның ұшырылым "үстеліне" тік күйінде орнатылды.
Зымыранға қызмет көрсету фермалары жеткізілді. М. Хруничев атындағы Мемлекеттік ғарыштық ғылыми-өндірістік орталығы, жалпы машина жасау жөніндегі констукторлық бюросы, "Байқоңыр" федералдық ғарыш орталығының мамандары бірінші ұшырылым күнінің кестесі бойынша дайындыққа кірісті. Ғарыш мамандары үш тәулік бойы ұшырылым алдындағы дайындық жұмыстарын жүргізіп, ұшырылым кешені мен зымыран тасығыштың жүйелерін тексереді.
W2A ғарыштық аппаратын Франция мен Италия біріккен Thales Alenia Space компаниясының француз бөлімі ғаламдық спутниктік байланыс операторы Eutelsat (Париж, Франция) тапсырысы бойынша жасап шығарған. "Протон-М" зымыран тасығышы мен "Бриз-М" үдеткіш блогының көмегімен ұшыру жөніндегі келісім-шартына International Launch Services (ILS) компаниясы қол қойған.
Alcatel Alenia Space Spacebus 4000C4 тұғырнамасында жасалған W2A жер серігі Ku-диапазондағы 46 ретранслятормен және C-диапазондағы 10 ретранслятормен жабдықталған. W2A жер серігінің бастапқы салмағы - 5,7 тоннаға тең. Жер серігі 15 жыл жұмыс істеуге тиіс.
Жер серігіне S-диапазонда 2.2 GHz жиілікте жұмыс істейтін заманауи борт жабдықтары орнатылған, ол Франция, Германия, Италия, Польша, Испания және Ұлыбритания аумағында мобильді және мультимедиялық кең көлемді хабар және ақпарат тарату қызметін (мобильді телевидение, сандық радио т.б) көрсетуге мүмкіндік береді.
Eutelsat W2A Еуропалық телекоммуникациялық жер серігін "Протон-М" зымыран тасығышы 3 сәуірде Астана уақытымен сағат 22.24-те алып ұшады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.