10.08.2006, 15:42 3100

Үкімет басшысы мен "Роскосмос" жетекшісінің Астанадағы кездесуінде елімізде ғарыштық бағдарламаны жүзеге асырудың келешегі талқыланады

ПЕТРОПАВЛОВСК. 10-тамыз. Kazakhstan Today. Ертең, 11-тамызда республика үкімет басшысы Даниал Ахметов пен "Роскосмос" ғарыштық агенттігінің жетекшісі Анатолий Перминов Астанада кездесіп, онда Қазақстан Республикасында ғарыштық бағдарламаны жүзеге асырудың келешегін талқылайды. Бұл туралы үкімет басшысы бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" акционерлік қоғамын аралаған кезде құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Үкімет басшысы "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешені мен авиациялық-ғарыштық "Есіл" кешенінің жобасын жүзеге асыруға Петропавл ауыр машина жасау зауыты қатысатындығы туралы принциптік келісімге ағымдағы жылдың сәуір айында қол жеткізілгенін еске салды. Қазір осы бағдарламаның аясында техникалық келісімдер жасалуда. "Біз бұл жобаны қаржыландырамыз",- деді Д.Ахметов "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" акционерлік қоғамының жетекшісі Альберт Акеевпен әңгімесінде.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, премьер-министр Даниал Ахметов бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында мұнай және мұнай өңдеу өнеркәсібіне арнап жабдықтар өндіруге маманданған "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" акционерлік қоғамында болып, онда үкімет басшысы зауыттың индустриялық-инновациялық бағдарламасымен танысып, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайыр Мансұров пен кәсіпорын жетекшісі Альберт Акеевпен бірлесіп зауыттың Қазақстан Республикасында ғарыш қызметін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына атсалысу мүмкіндігін талқылады.

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, "Есіл" кешені салмағы 160 шақырымға дейінгі азаматтық мақсаттағы шағын ғарыштық аппараттарды Жерден 1500 шақырым қашықтыққа дейінгі жер маңы орбитасына шығаруға арналған. "Есіл" кешенінің бір ерекшелігі - МИГ-31 ұшағының базасында жасалғандығы. Ол жері серігі мен шағын зымыранды қажетті биіктікке дейін шығара алады. Екі жылдан кейін өзін-өзі ақтайды деп есептелген бұл жобаны жүзеге асыру навигация мене спутниктік байланыспен қамтамасыз ету, экологиялық зерттеулер жүргізу, ғарыштық мониторинг, жерге қашықтан зонд жүргізу, еліміздің мұнай кеніштеріндегі ахуалды қадағалау мақсаттарын шешумен бірге Жер мен оның атмосферасына ғарыштық зонд жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жобасы болып табылатын "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешенінің жоспар-жобасы Ресейдің "Ангара" зымыран-ғарышық кешенінің негізінде жасалуда. "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешені ғарыштық аппараттарды ұшыруға арналған. Онда ғарыштық жанар-жағармайдың оттегі және керосин сынды экологиялық таза компоненттерімен ұшатын зымыран тасығыштар пайдаланылады. Жобаға сәйкес, "Бәйтеректің" құрамында ғарыштық аппараттарды ұшуға әзірлеуге және сынақтан өткізуге арналған жұмыс орындары бар ұшыру кешені мен техникалық кешен болмақ. Сонымен бірге оның құрамына кешенді су, жылу және жарықпен қамтамасыз ететін коммуналдық шаруашылық және өлшем кешенінің нысандары енеді.

Мамандардың айтуынша, бұл бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең ауқымды ғарыштық жоба.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны