10.09.2007, 09:33 1411

Үкіметтік комиссия "Протон" сынықтары құлаған 22 жерді анықтады

Үкіметтік комиссия "Протон" сынықтары құлаған 22 жерді анықтады.

"ҚАЗАҚСТАН БҮГІН". 10 қыркүйек. АСТАНА. "Протон" құлаған жерде зымыранның 22 сынығы табылды; мал дәрігерлік қызмет үй жануарларын диспансерлеу жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды агенттік.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сәйкес, үкіметтік комиссия кеше "Протон-М" зымыран тасығышы құлаған аудандардың үстімен ұшуды аяқтап, зымыран сынықтары құлаған 22 жерді анықтады.

Сонымен бірге, министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мал дәрігерлік қызмет "Протон" сынықтары құлаған ауданда малды диспансерлеу жұмыстарын аяқтады, 777 ірі қара мал, 5822 ұсақ мал , 433 жылқы, 2 түйе мен 46 ит тіркеуге алынды. "Іірі қара малдың қанынан 137 сынама және ұсақ малдың қанынан 880 сынама алынды", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Сонымен бірге қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Жезді су қоймасының маңында екі блок-пост қойылып, Қарсақпай ауылынан 5 шақырым жерде екі, Жаргон ауылында және Сәтпаевтан 5 шақырым жерде блок-посттар қойылды . "Жергілікті тұрғындармен карантинді аймаққа баруға болмайтындығы жөнінде алдын-алу шаралары жүргізілуде", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, "Протон" зымыран тасығышы ғарыштық орбитаға Жапония мен Азия-Тынық мұхиты аймағында телекоммуникациялық қызметтер көрсететін JCSAT-11 ғарыштық аппаратын шығаруға тиіс еді.

6 қыркүйек күні түнде Байқоңырдан ұшырылған "Протон-М" зымыран тасығышы, "Бриз-М" үдеткіш блогы мен Жапонияның JCSAT-11 ғарыштық аппаратымен Жезқазғаннан 40 шақырым жерге құлады.

Ұшырылым белгіленген мерзімде- Астана уақытымен 4 сағат 43 минутта ұшырылған, алайда ұшырылымның 135 секундында зымыранның екінші саты қондырғысының қозғалтқышы апатты жағдайда өшіп қалған. Алдын-ала мәліметке сәйкес, "Протон-М" зымыран тасығышының құлауына тарту күші векторын басқаратын тізгіндік машиналардың істен шығуы себеп болған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны