13.11.2006, 14:16 2954

Ұлттық инновациялық қор "KazSat" жер серігін жеке меншікке беру мүмкіндігі туралы ақпаратты жоққа шығарады

АСТАНА. 13-қараша. Kazakhstan Today. "Ұлттық инновациялық қор" АҚ бір ақпараттық агенттіктің жаңалықтар таспасында жарық көрген "KazSat" жер серігі жеке меншікке берілуі мүмкін-міс деген ақпаратты жоққа шығарады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

БАҚ хабарламасында былай делініпті: "жер серігі күні бүгінге дейін мемлекеттік мүлік комитетіне берілмеген. Сол себепті оның жеке меншікке берілу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды".

""KazSat" жер серігін жеке меншікке беру мүмкіндігі туралы қорқынышқа ешбір негіз жоқ",- делінген "Ұлттық инновациялық қор" АҚ бүгін таратқан баспасөз баянында.

Баспасөз қызметі осыған байланысты былай деп еске салады: 2006-жылдың 11-қазанында өткен кеңесте үкімет басшысы Даниал Ахметов тиісті құрылымдардың басшыларына "геостационарлық хабар таратушы және байланыс жер серігінің үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасау, сондай-ақ, оны иеліктен шығару және үкіметтің келісімінсіз "KazSat" АҚ-ның акциялары мен мүлкін үшінші біреулерге уақытша пайдалануға беру мүмкіндігіне жол бермеу" жөнінде міндеттеме берген.

Сонымен қатар Ұлттық инновациялық қордың хабарлауынша, "KazSat" жер серігін ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік комитетінің балансына беру көзделген жоқ. "2006-жылдың 17-қазанында "KazSat" АҚ мен Хруничев атындағы унитарлық кәсіпорын арасында жер серігін қабылдап алу-өткеру туралы құжатқа қол қойылды. Сол күні үкіметтің 2005-жылдың 18-қазанындағы қаулысының негізінде және жер серігін меншіктену және пайдалану жөніндегі келісім-шартының негізінде жер серігі жарғылық капиталы мемлекеттің 100 проценттік қатысуымен құрылған "Ғарыштық байланыс және радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігі жөніндегі республикалық орталық" АҚ-ына өткеріп берілді.

Баспасөз баянында баса көрсетілгеніндей, "жер серігін жасауға арналған республикалық бюджет қаржысы мақсатты трансферт немесе бюджеттік субсидия түрінде бөлінген жоқ, бюджеттік бағдарламалармен қордың жарғылық капиталын ұлғайтуға бағытталды". "Бұл өз кезегінде бюджет қаржысы "Ұлттық инновациялық қор" АҚ-ның жарғылық қорын қалыптастыруға арнап бөлінген сәттен бастап мемлекет "Ұлттық инновациялық қор" АҚ акцияларын меншіктенуші, ал қордың өзі - акциялардың төлеміне арналған қаржының иесіне айналды",- дейді баспасөз қызметі. Мекеменің хабарлауынша, "уәкілетті мекемелер тарапынан жүргізілген тексерулер 65 млн. доллар көлеміндегі бюджет қаржысын пайдалануда заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтаған жоқ".

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны