14.04.2008, 18:05 3331

Жаңа "Ангара" зымыранының бірінші ұшырылымы 2011 жылға межеленген

Жаңа "Ангара" зымыранының бірінші ұшырылымы 2011 жылға межеленген

Мәскеу. 14 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Жаңа "Ангара" зымыранының бірінші ұшырылымы 2011 жылға межеленген, деп хабарлайды агенттік тілшісі Ресейдің Хруничев атындағы ғарыштық орталығына сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Ресейдің Хруничев атындағы ғарыштық орталығының басшысы Владимир Нестеров "Российская газета" басылымына берген сұхбатында : "Біз ұшу сынақтарын 2010 жылы жүзеге асыруға тиіспіз. 2011 жылдың басында біздің жоспарымызға сай жеңіл "Ангара" ұшырылса, сол жылдың аяғында ауыр класқа жататын "Ангара-5" зымыран тасығышы ұшырылады",- деді.

В. Нестеров жаңадан жобасы жасалып жатқан "Ангара" зымыранының артықшылықтарына тоқталды: "қазір әмбебап зымыран ғарыштық кешеннің негізі қалануда. Бірінші кезекте ол орбитаға жеңіл, төменгі орбитаға пайдалы жүктемесі 3,5 тоннаға дейінгі, орта класты - 14,6 тоннаға дейінгі және 24,5 тоннаға дейінгі ауыр кластағы үш түрлі зымырандарды шығаруға мүмкіндік береді. Бұл орайда орта және ауыр кластағы зымыран тасығыштар ғарыштық аппараттарды геостационар орбитаға да шығара алады. Бұл жерде бірегей инженерлік шешім қолданылған: зымыран тасығышты бірдей модульдерден құрастыруға болады. Ауыр зымыранда бес, орташа кластағы зымыранда - үш, жеңілінде бір модуль бар. Оларды бір старттан ұшыруға болады, ал қазір Байқоңырда зымыран тасығыштың әрбір түріне өз ұшырлым кешені қажет. Яғни, ендігі жерде аз ақшаға, бір ғана ұшырылым кешенімен бір ғарыш айлағының мақсаттары іске асырылады деген сөз".

В. Нестеровтың пікірінше, "Ангараның" ауыр зымыран тасығыштары тобында бір ғана бәсекелес болмақ, ол - Еуропаның "Ариан-5" зымыраны. Жеңіл класты зымырандар тобында Еуропада "Ангараның" бәсекелесі әзірге жоқ.

Қазір "Ангара" зымыран атсығышының қозғалтқыштарын оттық сынақтарға дайындау бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Стендте "Ангара" зымыран тасығышының бірінші сатысының оттық сынақтарын жүргізу 2008 жылға жоспарланған. Ал ұшыру сынақтары 2011 жылға жоспарланды.

Ұшыру сынақтары басталғанға дейін түрлі класқа жататын "Ангара" экологиялық таза зымыран тасығышына арналған бірізді жүйелер жасалады.

"Ангара" зымыран тасығышын ұшыруға арналған ұшырылым кешендері Плесецк ғарыш айлағында жасалуда, онда "Ангараның" негізгі ұшырылымдық сынақтары өткізіледі, ондай ұшырылым кешендері "Байқоңыр ғарыш айлағында "Ангара" зымыран тасығышын пайдалану негізінде "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешенін құру жөніндегі Қазақстан мен Ресей арасындағы 2004 жылдың 22 желтоқсанында қол қойылған келісімнің аясында "Байқоңыр" ғарыш айлағында да жасалуда.

Бұл келісімде "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Ангара" зымыран тасығышына арнап техникалық және ұшырылым кешенін құру қарастырылған. "Бәйтерек" жобасын жүзеге асыру "Ангара" зымыран тасығышының әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Техникалық сипаттамасына қарай "Ангара" зымыран тасығышы экологиялық қауіпсіз зымырандар тобына жатады. "Ангара" зымыран тасығышының модификациялық түрлерін пайдалану ғарыштық орбитаға ұшырылым кезінде аз өзіндік құнмен жеңілден бастап ауырға дейінгі түрлі топтағы жер серіктерін шығаруға мүмкіндік жасайды.

Қазір "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыштық-зымыран кешенін салудың жобалық құжаттамалары дайындалуда. "Бәйтерек" зымыран ғарыштық кешенін салып бітіру мен "Ангараны" қабылдауға дайындық 2010 - 2011 жылдарға жоспарланған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны