24.03.2020, 23:46 27975

Алматыда көмекке зәру 18 618 отбасы бар

Брифингте қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев карантин кезеңінде 18 мыңнан астам көмекті қажет ететін отбасы азық-түлік себетімен қамтылатындығын айтты.

Алматы. 24 наурыз. Kazakhstan Today - Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Алматы қаласы Кәсіпкерлері палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Алматы қалалық "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров, "Казпочта" АҚ Алматы филиалының директоры Әлия Сүгірбаеваның қатысуымен брифинг өтті.

Брифингте қала әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев карантин кезеңінде 18 мыңнан астам көмекті қажет ететін отбасы азық-түлік себетімен қамтылатындығын айтты.

"Бүгін біз аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қалалық бағдарламаны қолға алдық. Біз сондай 18 618 отбасын анықтадық. Олардың ішінде 9971-і - аз қамтылған отбасылар, 2585-і - жалғыз тұратын зейнеткерлер, 5143-і 1 және 2 топтағы мүмкіндігі шектеулі және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған 919 отбасы бар. Бұл тізім әлі де жалғаса береді. Өйткені қала тұрғындары көмекке мұқтаж адамдар туралы қосымша есеп бере алады. Бұл үшін арнайы жұмыс істейтін call-орталық құрдық.

Егер сіз көмекке мұқтаж адамдарды білетін болсаңыз, осы орталыққа қоңырау шалыңыз. Ақпарат расталғаннан кейін азық-түліктер, бетперделер мен антисептиктерге дейін жеткізіліп беріледі. Біз күн сайын мыңнан астам азық-түлік себеттерін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі кезде тізім жасалып жатыр", - деді қала әкімінің орынбасары.

Сонымен қатар, онлайн режимінде коммерциялық ұйымдармен жұмыс жасауға болатынын, әлеуметтік және коммерциялық қызметтерді жеткізуді қамтамасыз ететін қолдау тетігі жасалғанын баса айтты. Қала әкімінің орынбасары тұрғындардың мегаполистегі карантин ережесін қатаң ұстанып, мейлінше үйлерінен шықпауға шақырды.

Қала әкімдігі "Нұр Отан" партиясымен бірлесе отырып, көптеген жұмыстар атқарды. Демеушілік қаражатты қолдана отырып, медициналық және гигиеналық құралдар сатып алды. Қаладағы кәсіпкерлер де шет қалмай, "Жаңа Алатау" қорын құрды және азық-түлікпен көмек көрсетуге дайын.

Брифингте "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров партияның жұмысы туралы кеңінен айтып өтті.

"Елбасы тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына санитарлық-гигиеналық жиынтықтар сатып алу үшін 150 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Біз "Бақытты отбасы", "Ардагерлерді ардақтайық" және "Кедергісіз келешек" жобасы аясында аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеміз. Арнайы санитарлық жиынтық сатып алдық. "Жас Отанның" еріктілері күн сайын 700 жиынтық таратады. Бұл жұмыс әлі де жалғаса береді. Сондай-ақ, мен қаламыздың тұрғындарынан карантин кезеңінде үйден шықпауға шақырамын", - деді С.Канкуров.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов өз сөзінде былай деді:

"Карантин кезеңінде қала кәсіпкерлері Елбасының "Бip Birgemiz!" акциясына белсене қатысып отыр. Енді оған республиканың ірі кәсіпкерлері де қосылды. Өткен аптада Қазақстан Халық банкі медициналық ұйымдарды қолдау үшін 100 миллион теңге бөлсе, кәсіпкер Қайрат Мәжібаев 5000-ға жуық әлеуметтік пакет бөлді. "Atameken" сайтында "Жаңа Алатау" қоры туралы мәліметтер бар", - деді ол.

Ал "Қазпочта" АҚ Алматы филиалының директоры Әлия Сүгірбаева 70 жастан асқан зейнеткерлерге карантин кезеңінде үйінде отырып зейнетақыларын алуға болатынын жеткізді.

"Бүгінгі таңда "Қазпошта" - Қазақстан Республикасының ұлттық операторы. Алматы әкімшілігімен бірге қала тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсету үшін іске асырылып отырған жоба аясында "Қазпочта" АҚ логистикалық және осы пакеттерді жеткізудегі басты серіктес болып табылады. Бүгінгі күні филиал барлық күш-жігерлерін аямай тәулік бойы жұмыс істейді. Біздің тұрғындардың қауіпсіздігі үшін байланыссыз жеткізуді қолға алып отырмыз. Қала әкімдігімен бірлесіп әзірленіп жатқан тағы бір жоба - зейнеткерлердің зейнетақыларын үйлеріне жеткізіп беру. Біздің барлық қызметкерлеріміз - пошташылар мен курьерлер бұл іске толықтай дайын", - деді. Ә.Сүгірбаева.

Брифингке қатысушылар тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны