11.04.2012, 10:11 4264

191 мыңдай адам Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ауруханаға жатқызылды

2012 жылдың І тоқсанында Қазақстанда 191 мыңдай адам Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ауруханаға жатқызылды, олардың 44,2%ауыл тұрғындары, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

Астана. 11-сәуір. Kazakhstan Today - 191 мыңдай адам Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

2012 жылдың І тоқсанында Қазақстанда 191 мыңдай адам Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ауруханаға жатқызылды, олардың 44,2%ауыл тұрғындары, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.

"Азаматтардың 96,5% өз өңірінде емделсе, 3,5% басқа өңірлерді таңдаған. Яғни, тұрғындар негізінен үйлеріне жақын орналасқан клиникаларды таңдайды. Республикалық клиникаларға жатқызылған науқастар үлесі 14%-ға тең", -делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, емдеуге жатқызуды күту мерзімі қысқарып келеді. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында науқастардың 70% жуығы алғашқы 3 күнде ауруханаға жатқызылды.

Айта кету керек, Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДСЖ) шеңберінде Қазақстанда 2010 жылдың шілде айынан бері республикалық және өңірлік емдеуге жатқызу бюросы жұмыс істеуде. Бюро www.bg.eisz.kz порталы арқылы емханалар мен стационарлардың арасын жалғаушы буынға айналды.

Емдеуге жатқызу бюросы порталы жоспарлы емдеуге жатқызу үрдісін тиімді басқару, тіркеу, есепке алу және жолдамаларды өңдеуге қатысты мәселелерді шұғыл шешуге арналған.

Жоспарлы стацинарлық көмек алуға медициналық көрсетілімлер болған жағдайда учаскелік дәрігер емхана деңгейінде науқасты қарайды. Азаматты порталға тіркеу оның медициналық ұйым мен дәрігерді еркін таңдау құқығын және бос төсек орын жағдайын ескере отырып, жүзеге асырылады. Науқас таңдаған ауруханада бос орын болмаса, балама нұсқа ұсынылады. Науқастың қолына жоспарлы емдеуге жатқызу талоны беріледі. Талонда ауруханаға жататын күні және автоматты түрде енгізілген коды болады.

Жоспарлы емдеуді күтіп жүрген кезеңде науқастар емханадағы учаскелік дәрігеріне қарала береді. Талонда көрсетілген уақыты жеткенде ауруханаға барып жатады. Егер осы аралықта күтпеген жағдайлар болса, науқас бұл жөнінде өз дәрігеріне хабар беруі тиіс.

"Жүйенің артықшылығы - стационарлар, емдеуге жатқызу бюросы порталы, емханалар мен науқастар арасындағы өзара іс-әрекетті нақты үйлестіреді. Барлық тарап жүйедегі қозғалысты www.bg.eisz.kz порталы арқылы қадағалап отырады", делінген министрліктің хабарламасында.

Емдеуге жатқызу бюросы порталына кірген кез-келген науқас өз коды арқылы ағымдағы күту парағын, кезегін, сонымен қатар таңдаған стационардағы бос төсек-орындар туралы ақпаратты көре алады. Науқастың диагнозы құпия болғандықтан, порталда көрсетілмейді. Науқасты емдеуге жатқызу тәртібі порталдағы күту парағында көрсетілгендей кезекте жүзеге асырылады. Стационарлар мен емханалардың медициналық қызметкерлері өз кезегінде жоспарлы емдеуге жатқызу үрдісін басқаруға мүмкіндік алады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны