06.05.2020, 18:20 8478

Соғыс кезінде 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға шақырылды

Майдан даласындағы ерлігі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды, 110 адам үш дәрежелі Даңқ орденінің иегері болды.

Алматы. 6 мамыр. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қазақстандықтарды Отан қорғаушы күнімен және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтап, бейбіт өмір мен ашық аспан, денсаулық пен бақ-береке тіледі.

"7 мамырда біз дәстүрлі түрде Отан қорғаушы күнін атап өтеміз. Бұл ел тыныштығын күзетіп, ерлік көрсеткен майдангерлер мен сарбаздарға құрмет білдіруден бөлек, барша ер азаматтың мерекесі саналады. Барлық Отан қорғаушы азаматтарға қажымас қайрат пен мұқалмас ерік-жігер, мақсатқа жетуде табандылық тілегім келеді! Әр күніміз айшықты, іс-әрекетіміз лайықты, сөзіміз анық, шешіміз айқын болсын.

Биыл біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атынан барлық ардагерлерді келе жатқан жарқын мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Әр адамның міндеті - өз елінің өткенін білу және құрметтеу, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін Жеңісті жақындату жолында майданда жаумен айқасқан және тылда бел шешпей еңбек еткен ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпау.

Соғыс кезінде 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиялары және басқа да құрылымдар құрылды. Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс жолында құрбан болды - олар шайқаста қаза тапты, жарақаттар мен аурулардан көз жұмды және хабар-ошарсыз кетті. Тұтқынға түскен 630 мың адам оралмады.

Майдан даласындағы ерлігі үшін жүздеген мың қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес одағының батыры атанды. Төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды, 110 адам үш дәрежелі Даңқ орденінің иегері болды.

Жеңісті жақындатуға тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесін әділ бағалау қиын, олар майданды барлық қажетті дүниемен қамтамасыз етуге бар күшін салды.

Біз ата-бабамыздың бостандық, ар-ождан және бақуатты өмір үшін жасаған ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Батырларға бүгінгі қорқыныш пен қайғы-қасіретсіз мамыражай заманда мәңгі тағзым етеміз! Сондықтан бұл ұлық мерекеде ең бірінші бейбітшілік тілеген жөн екені анық. Сан мыңдаған адамның тағдырын күл-талқан етіп, қарғысына ұшырауды дені сау адамның қаламасы даусыз. Бұл ретте Жеңістің әр жылы тек жақсылық пен Отанға сүйіспеншілікке, ізгілікке жетелесін дейік, ағайын! Ешкім ешқашан соғыс көрмесін.

Жеңістің қадірін жете түсінуші әр қазақстандыққа тағы да мықты денсаулық пен құт-береке, жақсылық тілеймін", - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің үндеуінде.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны