07.02.2007, 14:50 3141

2006 жылы "Ертіс Орманы" резерватындағы орманды заңсыз отау салдарынан келген шығын 300 млн теңгені құрап отыр

ПАВЛОДАР. 7-ақпан. Kazakhstan Today. 2006 жылы Павлодар облысындағы "Ертіс Орманы" табиғи резерватындағы ағаштарды заңсыз кесу салдарынан келген шығын 300 млн теңгені құрап отыр, деп хабарлады Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне облыстық табиғатты қорғау прокуратурасынан.

Облыстық арнайы табиғатты қорғау прократурасының прокуроры Берік Ахметжановтың сөздеріне сүйенсек, шығынның басым бөлігі орман күзетіне тартылғандардың өзінен келіп отыр. Ол, прокуратураның тапсырысы бойынша "Орман жобасы" аймақтық кәсіпорны резерваттағы орман шаруашылығының жағдайына толық тексеру жүргізген. "Тексеру нәтижесінде таңқаларлық деректер анықталды: орманшылар, резерват күзетінің қызметкерлері мен кеденшілер өртенген орманнан 190 мың текше метр жасыл желекті сатып жіберген, оның нарықтағы бағасы 235 млн теңге",- деп хабарлады Б. Ахметжанов.

Сонымен қатар, облыстық өрт сөндіру қызметі департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, 2006 жылғы орманның өртену деректерінің саны 2004 жылмен салыстырғанда 4 есеге өскен. "Заң бұзушылар алдын-ала сөз байласып, өртенген орман ағаштарының сатуға жарамды екендігін пайдаланған",- деді Б. Ахметжанов.

Көкжалдағы орман 2004 жылы өртенген. Оның көлемі 7 мың гектар шамасын құраған. "Ормандағы өртенген ағаштарды екі жыл бойы кескен, бұл іс тіпті жақсы жолға қойылған",- деп атап өтті табиғатты қорғау прокуроры.

Прокуратура "Ертіс Орманы" резерватына басшылық ететін облыстық аймақтық орман және аң шаруашылығы басқармасы өз міндеттерін атқара алмай отыр деген сенімде. "Бізді ұрлау деректері тайға таңба басқандай болып тұрса да, осыған бақылау қоятын органның бір жыл бойы құқық қорғау мекемелеріне резерваттағы заң бұзушылық туралы бір де бір шағым түсірмегендігі алаңдатады", - деді Б. Ахметжанов.

"Біздің жүргізген тексерулеріміз барысында 52 лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды, олардың барлығы орманды заңсыз отаумен айналысқан",- деді агенттік тілшісіне берген сұхбатында облыстық табиғатты қорғау прокуроры.

Жауапқа тартылғандарыдың арасында - орманшылар, кеденшілер, орман күзетінің қызметкерлері бар. "Біз ағаштарды сату дерегі бойынша барлық қылмыстық тізбекті аштық", - деді Б. Ахметжанов. Осы іске қатысты екі адамға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 176-бабының 1-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру) айып тағылды.

Сонымен қатар, "Орман жобасының" жүргізген тексеруі жергілікті тұрғындардың да орман ағаштарын жұлу дерегін анықтады. Келген шығын 60 млн теңгеге бағаланып отыр. "Резерват қызметкерлері өз "бизнестеріне" берілгені сонша, өздерінің тікелей міндеттерін естен шығарып алған",- деді Б. Ахметжанов.

2006 жылы облыстық бюджеттен резерваттағы өртке қарсы іс-шараларға 90 млн теңге бөлінген. Бірақ, Б.Ахметжанов бұл қаржыны қазына шығынына жатқызуға болады, деп санайды. "Біз жүргізген тексеру бір де бір өрт сөндіру машинасының жүргізушісі ашық су бөгендерінен су алуды білмейтіндігін, және де резерватта осыған қатысты ешқандай жұмыстар жүргізілмегендігін көрсетіп отыр",- деді ол.

Бас прокуратура да Павлодар облыстық аймақтық орман және аң шаруашылығының қызметіне қызығушылық танытып отыр. Аймақтың қаржы бақылауы және мемлекеттік сатып алу басқармасы өртке қарсы іс-шараларға бөлінген 90 млн теңгенің пайдаланылу тиімділігін бағаламақшы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны