18.01.2012, 11:35 3561

2011 жылы Қазақстанның 10 жоғары оқу орны халықаралық аккредитациядан өтті

"Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық стандарттар бойынша білім беру жүйесі дамыған елдердің қатарынан табылады", - деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында.

Астана. 18-қаңтар. Kazakhstan Today - 2011 жылы Қазақстанның 10 жоғары оқу орны халықаралық аккредитациядан өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің жоғары білім беру жүйесіне әлемнің ең озық тәжірибелерін енгізу мақсатында оқу үрдісінің жаңа үлгілері қолға алынып жатыр.

"Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық стандарттар бойынша білім беру жүйесі дамыған елдердің қатарынан табылады", - деп мәлім етті Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында.

Адам капиталын дамыту мемлекеттің бәсекеге қабілетті артықшылығын арттырудағы негізгі фактор болып табылады. Сондықтан әлемнің білім беру ортасына қосылу Қазақстан үшін басымдыққа ие мақсат, осы фактор еліміздің білім беру, ғылым және инновация жүйелерінде серпіліс жасауына мүмкіндік береді.

"Білім беруді дамыту бағдарламасы бәсекеге қабілетті сапалы адам капиталын құруды қамтамасыз ететін білім беру жүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Білімі жоғары Қазақстанның жаңа ұрпағы алдағы онжылдықтардағы мәселелерді ойдағыдай шеше алады", - деп мәлім етті осыдан бұрынырақ ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2011 жылы Қазақстанның 10 жоғары оқу орны халықаралық аккредитациядан өтті. Олардың арасында М.Иуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеттері бар. Сонымен қатар, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Қазақстан-Британ университеті, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де аккредитациядан өткен оқу орындарының қатарына жатады. Халықаралық аккредитациядан өткен Қазақстан жоғары оқу орындарының түлектері алатын дипломдар шетелде конверсиялы болады.

Сонымен қатар, 2011 жылы әлемнің ең үздік 700 жоғары оқу орны кіретін Quacquarelli Symonds рейтингісінің нәтижесі бойынша, Ил-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті 200 сатыға жоғарлай отырып, 401-450 орынға шықты (2009 жылы - 601-650). Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Ил-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті топ-университтерге жақындаған Орталық Азиядағы бірінші жоғары оқу орындары атанды.

Басқа да қоғамдық институттар сияқты, Қазақстанның білім беру жүйесінде халықаралық ынтымақтастыққа жол ашық. Қазіргі таңда білім беру саласында 39 халықаралық келісімшарт жұмыс істеп тұр. Бұнымен қатар, 2011 жылы 5 халықаралық келісімшартқа қол қойылды. Халықаралық келісімшарттар аясында жыл сайын Қазақстан азаматтары үшін шет мемлекеттердің үкіметтік гранттары (Ресей - 100 шақты орын, Түркия - 85 орын, Қытай - 27 орын) және шетелдік азаматтар үшін ҚР Үкіметінің гранттары (Қырғызстан - 3, Беларусь -2, Ауғанстан - 179 (дайындық курстары) және 152 орын - академиялық оқу), Қытай - 72 орын) бөлінеді.

Еліміздің жоғары оқу жүйесіне әлемнің ең озық тәжірибелерін енгізу мақсатында оқу үрдісінің жаңа үлгілері қолға алынып жатыр. Қазіргі таңда Дублин дескрипторлары, модульдық білім бағдарламаларын, кредиттерді қайта тапсырудың еуропалық жүйесін көздейтін кредиттік технология жөніндегі оқу үрдісін ұйымдастыру туралы жаңа ережелер бекітілді. Жоғары оқу орындарының 28 пайызында еуропалық кредит аудару жүйесінің типі бойынша кредетті қайта тапсырудың қазақстандық үлгісі енгізілді.

Инновациялық және ғылыми экономикалық жүйеге ауысудың қазіргі шарттарында білім сапасын арттыру аса қажет. Бүгінгі таңда қазақстандық білім беру жүйесі әлемдік білім беру кеңістігіне тұрақты үрдіспен ықпалдасуда, сол арқылы Қазақстанның жоғары оқу орындарындағы білім беру деңгейі жақсарып келеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны