01.10.2012, 14:07 2944

2013 жылы Қарағанды - Астана тасжолын төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталады

Облыста жүк көліктері зақымдаған жол мәселесі де шешілмек және олардың жөндеу жұмысына жер қойнауын пайдаланушылар тартылмақ.

Қарағанды. 1-қазан. Kazakhstan Today - 2013 жылы Қарағанды - Астана тасжолын төрт жолаққа дейін кеңейту жұмыстары басталады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Қарағанды мен Астана арасындағы тас жол төрт жолақты болмақ. Оның құрылысы келесі жылдан басталады.

Облыста жүк көліктері зақымдаған жол мәселесі де шешілмек және олардың жөндеу жұмысына жер қойнауын пайдаланушылар тартылмақ.

"Егер статистикалық мәліметті алып қарасақ, онда адамның көз жұмуына алып келген жол апаттары, соның ішінде жолдардың жағдайына байланысты қайғылы оқиғалардың саны жыл сайын өсіп келеді", - деді жақында өткен мәслихат сессиясында облыс басшысы Ибілғазы Құсайынов.

Оның берген мәліметі бойынша, 2012 жылы облыстың тас жолында 178 адам қаза тауып, 568 адам жарақат алған. Алматы - Астана тас жолында, әсіресе елді мекенді бойлай өтетін бөлігінде жол апаттары жиі орын алады. Мәселен, көлік ағымы орасан зор Қарағанды қаласында жыл басынан бері 26 адам көз жұмған, ал ауылды бойлай орналасқан жолда 112 адам мерт болған.

Тас жолды қалпына келтіру бойыша жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауға осы жылы қаржы бөлінген. Оның Қарағанды облысы бойынша ұзындығы 158 км құрайды.

Жолды қалпына келтіруге шамамен екі жарым жыл уақыт кетеді. Сондықтан Қарағандыдан елордаға қатынайтын қосымша пойыздар мен әуе маршруттарын енгізу мүмкіндіктері қарастырылады. Ұшу ұзақтығы 20-30 минутты құрайтын болады. Қарағандылықтарға қозғалыстың осы түріне үйренулеріне тура келеді, деп атап өтті облыс басшысы.

Облыс әкімдігінде жол жөндеу жұмыстарына жер қойнауын пайдаланушыларды тарту туралы да шешім қабылданды. Қазір олар шамамен 770 км автомагистральді қалпына келтіру бойынша жұмыс жасамақ.

"Бір ай ішінде осы жолдарды қалпына келтіру бойынша меморандумдар дайындалады. Ал егер облыс аумағында жаңа орындар ашылып жатса, онда жер қойнауын пайдаланушылар ортақ қолданыстағы жолға шықпай, технологиялық көлікке арналған өз тас жолдарын салуға міндеттейтін құжатқа міндетті түрде қол қоятын болады", - деді Ибілғазы Құсайынов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны