17.02.2021, 19:16 6997

Алматыдағы экология: жеке секторды газдандыру және 350 мың ағаш отырғызу

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен есеп беру кездесуінде қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жоспарларымен бөлісті.
Алматы. 17 ақпан. Kazakhstan Today - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен есеп беру кездесуінде қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Kazakhstan Today Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Оның айтуынша, өткен жылы ЖЭО-2-ні жаңғыртып, оны табиғи газға ауыстыруға байланысты көпжылдық мәселе шешімін тапты. Жекеменшік секторды толық газдандыру жұмысы аяқталуда. Жасыл қорды ұлғайту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Миллион ағаш егу бойынша үш жылдық "Жасыл Алматы" бағдарламасы қабылданды. 2020 жылы 282 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
 
Сонымен қатар, қоғамдық көлік газбен электр энергиясына ауысады. Дизель техникасын сатып алуға тыйым салынды. "Алматыэлектротранс" коммуналдық автопаркі 150 автобус жеткізуге келісімшарт жасады. 
 

Алғашқы 41 автобус бағыты жолға шықты. Қалған 109-ы жақын арада келеді. Сонымен қатар, жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр. Осылайша биыл жолаушылар тасымалы паркін экологиялық таза 233 бірлікке жаңартамыз. Қала экологиясын жақсарту аясында биыл 350 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, сондай-ақ шеткері жерлерде бес жаңа саябақ салу, қалаға кіре берісте 19 экопост орнату жоспарланған", - деді әкім.

 
Ол өткен жылы қала бойынша халықты кеңінен құлақтандыру мақсатында ауа құрамына мониторинг жүргізетін 10 датчик орнатылғанын еске салды. Биыл тағы 10 датчик қойылады. 
 

Деректер LED-экранда көрсетіліп, онлайн-картада көрінетіндей экологиялық деректердің бірыңғай базасына түседі. Стансалар атмосферадағы ластаушы заттардың көлемін, ылғалдылық параметрлерін, температураны, қысымды, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Бұған қоса кезең ішіндегі және тәуліктік орташа шекті рұқсат етілген концентрация көлемі көрсетіледі. Бұл жобаның мақсаты – қатардағы қала тұрғындарына, сарапшылар мен мамандарға деректерді онлайн форматта ұсыну болып табылады", - деді Сағынтаев.

 
Ол қоғамдық және коммуналдық автопарктерді экологиялық таза отынға ауыстыру шараларымен қатар транзиттік жүк көліктерінің қозғалысын шектеу мүмкіндігі зерделенетінін атап өтті. Жүргізілген мониторинг тәулік сайын қалаға қоршаған ортаға техногендік ауыртпалық түсіретін 17 мыңнан астам жүк көлігі кіретінін көрсетті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны