17.09.2020, 22:59 6251

3,3 млн-нан астам оқушы мен 24 мың педагогтың көпшілігінде компьютерлік жабдық болмаған

Сонымен қатар, іс жүзінде Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларының бірқатар мектептерінде кезекші сыныптар іске асырылған жоқ, онда мектеп әкімшіліктері ата-аналардың балаларды кезекші сыныптарда оқыту туралы өтініштерін қабылдаудан бас тартты.

Алматы. 17 қыркүйек. Kazakhstan Today - 3,3 млн-нан астам оқушы мен 24 мың педагогтың көпшілігінде компьютерлік жабдық болмаған. Бұл туралы бірқатар сенаторлардың Білім беру саласындағы жекелеген мәселелер жөнінде үкіметке жолдаған сауалында айтылған. Сауалда былай делініпті:

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қашықтықтан оқыту нысанына мәжбүрлі түрде көшу білім беру процесіне қатысушылардың барлығы үшін үлкен сынақ болды.

Интернетке қолжетімділік проблемасы, компьютерлердің жетіспеушілігі, халықтың компьютерлік сауаттылығы деңгейінің төмендігі, білім беру саласындағы цифрландырудың қанағаттанарлық деңгейде болмауы жиынтығында үлкен қоғамдық резонансқа алып келді.

Соңғы күндері қоғамда күндізгі оқыту нысанына қайта оралу мәселесі белсенді түрде талқылануда.

Сонымен бірге Үкімет эпидемиологиялық ахуалдың нашарлау ықтималдылығына байланысты мектептерде ағымдағы оқу жылының бірінші тоқсанында дәстүрлі оқытуды одан әрі жалғастырмау туралы шешім қабылдады, бұл жөнінде а.ж. 10 қыркүйекте баспасөз конференциясы барысында хабарланды.

Қалыптасқан жағдайда қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруды барынша жетілдіру қажет.

Үкіметтің алдына үш айлық жазғы демалыс кезеңінде кезекті оқу жылына сапалы дайындық жүргізу міндеті қойылды.

Сонымен қатар білім беру саласындағы бірқатар проблемалар шешілмей қалды, оған Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында осы бөлікке қатысты айтқан нұсқаулары дәлел.

1. Мемлекет басшысы қолжетімді әрі сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында толыққанды оқу процесін ұйымдастыру үшін барлық қажетті функцияларды қамтитын бірыңғай онлайн білім беру платформасын қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.

Бүгінгі таңда "Bilimland.kz", "Daryn.online" және "Kundelik.kz" негізгі білім беру платформалары болып табылады, ал мектептер оларды өз қалауы бойынша дербес таңдайды. Ұсынылған таңдауға қарамастан барлық отандық білім беру платформаларында ортақ кемшілік бар - жұмыс істеу жылдамдығының төмен болуы, осы тұрғыдан ата-аналар мен мұғалімдер тарапынан көп сын айтылды. Пайдаланушылар атап өткендей, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар және қосымшалар анағұрлым жылдам жұмыс істейді.

Алматы қаласында оқудың бірінші күні-ақ Bilimland платформасына 70 мыңнан астам қолданушы қосылған сәтте іркіліс туындады.

Анықтама үшін: бұған дейін платформа жасанды жүктеме түрінде тестілеуден өткен. Сайт бір мезетте 150 мың қолданушының кіруіне есептелген, алайда платформа нақты қолданушылар режимінде жүктемені көтере алмады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс операторымен бірлесіп іске қосқан "Білім" тарифі де белгілі бір сұрақтар туындатып отыр. Тариф қазастандық білім беру ресурстарына ғана шексіз қолжетімділік береді. Шетелдік білім беру ресурстарына кіруге мүмкіндік беретін ай сайынғы 1 Гб көлеміндегі қосымша интернет-трафик жеткіліксіз екені анық. Осы лимиттен тыс қолданушылар өз қаражаты есебінен төлеуге мәжбүр. Оқушылардың ата-аналары тариф шеңберінде трафиктің көлемін ұлғайтуды сұрап отыр.

Анықтама: видеобайланыстың стандартты сапасы кезінде және оған үш және одан да көп адам қатысатын болса Zoom қосымшасы сағатына 810 Мегабайтты талап етеді.

(1Гб = 1000 Мб).

Қашықтықтан оқыту жағдайында оқушыларды Интернетке тегін қол жеткізумен қамтамасыз ету азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға конституциялық кепілдіктеріне байланысты негізделген болып табылады.

Осы тұрғыда, мәселенің балама шешімі ретінде ай сайынғы абоненттік төлем құнын ең төменгі өсірумен қосымша интернет-трафикті арттыру мәселесін қарастырған дұрыс.

Кәмелетке толмағандарды ақпараттық кеңістікте қорғауды қамтамасыз етуді қоса алғанда, қашықтықтан оқыту процесінің қауіпсіздігі мәселелері ерекше назар аударуды талап етеді.

Жоғарыда аталған Zoom қосымшасы, ең алдымен, бейнежазбалар мен жеке байланыс ақпараттарын таратқаны үшін сынға алынуда.

Қауіпсіздікке байланысты проблемалардың салдарынан SpaceX, Apple, Google сияқты ірі компаниялар Zoom-ды пайдаланудан бас тартты.

Бұдан басқа, теріс контентті көрсету мақсатында қаскүнемдердің конференцияларды үзу және оларға қосылу мүмкіндігі елеулі қауіп төндіруде.

Мұндай жағдайлар биылғы жылы орын алды және алдағы уақытта да қайталанатыны анық.

Жоғарыда айтылған факторлар дереу аналогты отандық бейнебайланыс платформаларын құруды талап етеді. Ағымдағы жылғы шілде айында ҚР БҒМ қазіргі білім беру платформаларын тезірек жетілдіруге сендірген болатын, бірақ көріп отырғанымыздай, оң өзгерістер байқалмайды.

Ағымдағы жылғы 9 қыркүйекте Ұлттық экономика министрі жаңа онлайн білім платформасы әзірленетіндігі туралы баяндаған болатын.

Осыған байланысты нақты мерзімдерін жариялай отырып, Үкіметтің осы міндетті орындауға жауапты нақты мемлекеттік органды айқындағаны орынды болар еді.

2. Жоғарыда айтылғандай, күзгі кезеңде халық арасында аурудың қайта өсу қаупінің сақталуына қарамастан, қоғамда дәстүрлі оқыту форматына қайта оралуға шақырған пікірлер жиі естілуде.

Қазақстан халқына Жолдауында Президент дәстүрлі сабақ түрлерінің, оқушылардың мұғалімдермен және сыныптастарымен қарым-қатынасының маңыздылығын атап өтті, осыған байланысты Үкіметке қолайлы шешім қабылдау үшін тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Қоғамның талабы қашықтықтан оқыту форматына жеткілікті дайындықтың болмауымен және ата-аналардың балаларының болашағы үшін алаңдаушылығымен, олардың білім деңгейі мен дағдыларын дамытумен байланысты.

Осы тұрғыда Білім және ғылым министрлігі мектептерде ата-аналардың жазбаша өтініші негізінде оқуға қабылдау жүзеге асырылатын кезекші сыныптарды ұйымдастыратыны туралы бірнеше рет мәлімдегенін атап өткен жөн. Бұл нұсқаны балама және уақытша шара ретінде қарастыруға болады.

Анықтама үшін: 27.08.2020 ж. жағдай бойынша, 530 мың баланың ата-анасы кезекші сыныптарда оқуға өтініш берді, бұл оқушылардың жалпы санының 15%-ын құрайды. 5% немесе 202 мың оқушы - алыс аймақтардағы шағын жинақталған мектептерден келген оқушылар. Үкіметтің хабарлауынша, 800 мың оқушыны қабылдауға есептелген кезекші сыныптар мен шағын жинақталған мектептер ашылды.

Сонымен қатар, іс жүзінде Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларының бірқатар мектептерінде кезекші сыныптар іске асырылған жоқ, онда мектеп әкімшіліктері ата-аналардың балаларды кезекші сыныптарда оқыту туралы өтініштерін қабылдаудан бас тартты. Азаматтар кейбір жағдайларда мұғалімдер балаларды кезекші сыныптарға жіберуге табанды түрде көндіруде деп шағымдануда.

Кезекші сыныптарда сабақ беру сапасы ата-аналардың алаңдаушылығын тудырып отыр, өйткені бейінді педагог мамандар қашықтықтан оқыту форматында сабақ өткізуге қатысады. Сонымен қатар, уәкілетті органның өзі педагогикалық кадрлар тапшылығының бар екенін мойындады.

Кезекші сыныптарды ұйымдастыру, біздің ойымызша, әсіресе толық емес немесе көп балалы отбасылар үшін өте маңызды, мұнда ата-аналарға жұмыс пен балалардың оқуын бақылауды қатар орындау қиынға соғады.

Үкімет өңірлердегі кезекші сыныптардың ұйымдастырылуына орталықтан бақылау жасауды қамтамасыз етуі қажет, өйткені бүгінгі таңда бұл процесс, біздің ойымызша, басқарылмай жатқан сипатқа ие болуда.

3. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы дарынды оқушыларды қолдау балалар арасындағы әлеуметтік қашықтықты күшейте түсетініне назар аударып, "қарапайым" мектептерді қолдауға шақырды. Оның пікірінше, бұл қалалар мен ауылдық жерлердегі оқушылар арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты жоюға көмектеседі.

Дүниежүзілік банк сарапшыларының бағалауы бойынша қашықтықтан оқытуға сараланған түрде қол жеткізу және оның тиімділігінің әлсіз болуы бір-екі жылдан кейін бүкіл әлемде 7 млн оқушының мектеп пен жоғары оқу орнын тастап кетуіне алып келеді.

Сарапшылар қашықтықтан оқыту нәтижесінде Қазақстанда функционалдық сауатсыз оқушылар саны артады және орта мерзімді перспективада мектепке бармайтын жастар саны артады деп болжайды, бұл олардың жоғары білім алуға көшуіне және одан әрі жұмысқа орналасуына кедергі болады.

"Nur Otan" партиясы жүргізген мониторингке сәйкес, 20.08.2020 жылғы жағдай бойынша, яғни оқу жылы басталғанға дейін 10 күн бұрын 3,3 млн-нан астам оқушы мен 24 мың педагогтың көпшілігінде компьютерлік жабдық болмаған.

Ағымдағы жылғы 4 тамызда Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі 18,5 мың оқушы мен 24 мың мұғалімнің өз компьютерлері жоқ екенін хабарлады.

Бұл статистика компьютерлік техникаға мұқтаж білім алушылардың нақты санын бағалауға мүмкіндік бермейтінін, айтарлықтай дәрежеде өзгеретінін айта кету керек.

Жоғарыда баяндалғандардың аясында ауылдық және табысы аз отбасылар неғұрлым осал топтар болып табылады, олар мемлекеттің ерекше назар аударатын аймағында болуға тиіс.

Қажетті тиімді шараларды қабылдау мақсатында аз қамтылған және ауылдық отбасылардан шыққан оқушылардың оқу процесіне мәжбүрлі түрде қатыспайтын ықтимал санына мұқият талдау жүргізу және болжам жасау маңызды болып табылады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, келесі сұрақтарға толық жауап берулеріңізді сұраймыз:

1. Мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырмасы қандай мерзімде іске асырылады? Әрбір мүдделі мемлекеттік органдардың (БҒМ, ДСМ, ЦДИАӨМ) жұмысын үйлестіру мен олардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бірыңғай білім беру онлайн платформасын құру үшін бюджеттен қосымша шығындар қажет пе?

2. Қашықтықтан оқыту шеңберінде азаматтардың тегін орта білім алуына конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе? Қашықтықтан оқыту барысында келтірілген қосымша шығындарды өтеу/өтеп беру жоспарлануда ма?

3. Ұзақ мерзімді қашықтықтан оқытудың салдарын жеңілдету бойынша және білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты ұзақ мерзімді перспективада қандай шаралар қолданылады?

4. Әр түрлі әлеуметтік топтардағы білім алушылардың арасындағы білім мен дағдылардағы алшақтықты азайту бойынша Үкіметтің жоспары қандай?

"Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес заңда белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұраймыз.

А. ШӘКІРОВ

М. ҚҰЛ-МҰХАММЕД

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны