07.03.2019, 18:14 16290

Алматыда "Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы музей сахнасында" атты дәстүрлі музыкалық концерт өтті

Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Нартайлақ-Айсұлу" сипатты оқиғалы дастандар, "Әділ-Мәрия" романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды.

Алматы. 7 наурыз. Kazakhstan Today - "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 2019 жылы 6 наурыз күні Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде "Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы музей сахнасында" атты дәстүрлі музыкалық концерт өтті.

Сонымен қатар, кеш соңында Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасының көшірмесі музей қорына табысталды.

Шәкәрім Құдайбердіұлы - ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор. Абаймен замандас әрі інісі, әрі ол негізін салған реалистік әдебиет дәстүрлерін алға апарушы ізбасары. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көрсетуде, қоғам мен адам табиғатындағы кемшіліктерді зерделеуде, туған халқына жол көрсетуде Шәкәрім Абай бағытын ұстанды.

Абай Шәкәрімнің жасынан домбыраға құмарлығын байқап, керей руынан шыққан атақты домбырашы Біткенбайды шақыртып алып, Шәкәрімге күй үйретуді тапсырады. Бір жылға тақау, ел жайлауға шыққанша, Біткенбай Құдайбердінің ауылында болып, Шәкәрім одан "Саймақтың сары өзені", "Алшағырдың ашты күйі", "Асан күйі", "Ала байрақ", "Кертолғау", "Аққу зары", "Қорқыт сарыны", "Жетім қыздың зары" секілді бірқатар қазақ күйлерін үйренеді. "Менің домбыра ұстазым - Біткенбай, оны тауып алдырып беруші - Абай" , - дейтін Шәкәрім әркез.

Шәкәрім Құдайбердіұлының қаламынан терең ойлы, сыршыл лирикалық өлеңдер, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек", "Нартайлақ-Айсұлу" сипатты оқиғалы дастандар, "Әділ-Мәрия" романы және басқа да прозалық туындылар, аудармалар, тарихқа, философияға қатысты еңбектер, сазды әндер туды.

Кеш қонақтары арасында ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері - Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева; Мәдениет саласының үздіктері - Мұрат Әбуғазы, Нұржан Жанпейісов, Талғат Әбуғазы, Абзал Қуанышұлы; Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары - Айнұр Жұмақадыр, Жасұлан Мұсағали, Біржан Бәзілжан, Жасұлан Сақаев болды. Кеш жүргізушісі - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны