27.09.2019, 14:11 39508

"Томирис" фильмі прокатқа шықты

Кеше Алматыда Республика сарайында "Томирис" фильмінің шығармашылық тобының қатысуымен баспасөз отырысы және картинаның тұсаукесері өтті.

Алматы. 27 қыркүйек. Kazakhstan Today - 2019 жылы 27 қыркүйекте, яғни бүгін жылдың ең асыға күткен фильмі - режиссер Ақан Сатаевтың "Томирис" тарихи фильмі жалпыұлттық прокатқа шығады. Ауқымды кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы және "Sataifilm" компаниясы бірлесе түсірген.

Кеше Алматыда Республика сарайында "Томирис" фильмінің шығармашылық тобының қатысуымен баспасөз отырысы және картинаның тұсаукесері өтті.

Кинотуынды біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда болған оқиғаны суреттейді. Фильмде кішкентай қыздан айбынды жауынгерге айналған, жақындарынан айрылып, сатқындардан өшін алған және сақ тайпаларын өз билігі астында біріктірген ұлы даланың аты аңызға айналған Томирис патшайымының тағдыры баяндалады. Ол махаббат пен өз халқының тәуелсіздігі үшін сол замандағы ең қияметті соғ ыста Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасады.

Тарихи фильмнің идея авторы Әлия Назарбаева. Естеріңізге сала кетсек, осы жобаның алдында Әлия Нұрсұлтанқызы режиссер Ақан Сатаевпен бірге халықтың көңілінен шыққан "Анаға апарар жол" фильмін шығарған болатын. Осыдан кейін бұл тандем аса қызығушылықпен және үлкен жауапкершілікпен "Томирис" тарихи фильмін түсіруге кіріскен болатын. Фильмнің сценарий авторлары - Ақан Сатевтың барлық фильмдерінің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов және Әлия Назарбаева. Айта кетсек, картинаның сценарийін жазуда тарих атасы Геродоттың еңбектері пайдаланылды. Туындыны түсірмес бұрын шығармашылық топ көптеген тарихи материалдармен танысып, жобаға ғалым-кеңесшілер арнайы тартылды. Картинаның түсірілімдеріне еліміздің алдыңғы қатардағы киногерлер қатысты, сонымен қатар, шетелдік мамандар, оның ішінде скрипт-доктор және компьютерлік графика шеберлері жұмылдырылды.

Ал сол дәуірдің бітім-болмысын дәлме дәл көрсету үшін үлкен зерттеу жұмыстары жүргізілді. Фильмдегі декорацияларды, костюмдерді, қару- жарақтарды, күйме арбаларды, ат әбзелдерін, тұрмыс заттарды және әшекей бұйымдарды "Томирис" картинасы үшін алғаш рет картинаның қоюшы суретшісі Қуат Тлеубаев бастаған суретшілер тобы жасап шықты. Оған қоса бұл фильм үшін арнайы екі декорация - Қапшығай қаласының маңында тұрғызылған "Спаргапистың ордасы" декорациясы және "Қазақфильм" территориясындағы "Вавилон" қаласы тұрғызылды. Фильмнің қоюшы операторы - Хасан Қыдыралиев.

- Ауқымды "Томирис" тарихи фильмі 2 жылдың көлемінде аянбай тер төгіп, нағыз кәсіби киногерлердің қолынан шыққан сүбелі туынды. Осыдан бірнеше жыл бұрын дәл осы түсірілім тобы халықтың ерекше көңілінен шығып, халықаралық сыншылардың оң бағасын алған "Анаға апарар жол" фильмін жарыққа шығарған болатын. Бұл фильм мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, картинаның авторлары Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Сондықтан да, "Томирис" фильмі де үлкен биіктерден көрініп, еліміздің көрермендері мен шетел көрермендерінің көңілдерінен шығатынына сенімдімін, - деді "Қазақфильм" киностудиясының президенті Арман Әсенов.

- "Томирис" фильмі көрермен назарына ұсынылып, прокатқа шығатынына қуаныштымын. Бұл жобада біз көп тер төгіп, бар күшімізді салып адал еңбек еттік. Басына түскен қиындықтарға қарамастан, өз халқының тәуелсіздігі үшін күреске түскен аты аңызға айналған Томиристің тағдыры біздің көрермендерімізге ғана емес, сондай-ақ шетелдің көрермендеріне қызық болады деп сенемін. Осы фильмнің шығуына атсалысқан идея авторы Әлия Нұрсұлтанқызына алғысымызды жеткізгіміз келеді. Батыл командамыздың жасаған жұмысы көңілдеріңізден шығады деп ойлаймын,- деді режиссер Ақан Сатаев.

- Тарихқа еніп, әлемге танылған Томирис патшайымның рөлін сомдау мен үшін үлкен бақыт. Мен қатты құрметтейтін режиссер Ақан Сатаев көптеген үміткерлердің арасынан мені таңдап, осы рөлге бекіткеніне де алғысым шексіз. Сондықтан да патшайымның рөлін лайықты сомдап, режиссердің сенімін ақтап шығуға бар күшіммен тырыстым, - деді актриса Альмира Тұрсын.

Айта кетсек, осы жоба үшін республикалық көлемде кастинг ұйымдастырылған болатын. Фильмнің кастинг-директоры Жайна Әбдиева бастаған кастинг департаменті дайындық кезеңде үлкен жұмыс атқарды. Томиристің рөліне көптеген үміткерлердің арасынан Альмира Тұрсын бекітілді. 15 жастағы Томиристің рөлін Салтанат Серкебаева, ал 10 жасар басты кейіпкерді Лия Фомина сомдады.

Түсірілім жұмыстары басталмас бұрын барлық актерлер трюктарды қоюшы Жайдарбек Күнғожиновтың "Nomad" жаттықтыру лагерінде дайындалды. Онда олар атқа жайдақ мінуді, қару-жарақты асынып, садақ тартуды, соғыс өнерінен сауаттарын ашып, сондай-ақ басқа да әскери әрекеттерді үйренген.

Фильмге еліміздің танымал кино жұлдыздары түсті, олар: Димаш Ахимов, Ерік Жолжақсынов, Байкенже Белбаев, Берік Айтжанов, Еркебұлан Дайыров, Мурат Бисенбин, Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Айжан Лайджи, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов, Асхат Үрпеков және басқалары. Кирдің рөліне Ридли Скоттың "Царство небесное" фильмінде Саладин патшаның рөлі арқылы танылған голливуд актері Гасан Масуд шақырылған.

Картинаның түсіру жұмыстары 2017 жылы желтоқсан айында Алматы облысы Заречный ауылының маңында басталған. 2018 жылдың басында түсіру тобы "Қазақфильмнің" павильондарында Томиристің дүниеге келу сахнасын түсірген болатын. Фильмнің түсіру жұмыстары Қазақстанның басқа да көркем жерлерінде, атап айтсақ, Жаркент, Шонжа, Бурабай мен Баянауылда жүргізілді. Фильмнің соңғы сахнасы "Қазақфильм" киностудиясының территориясында соғылған "Вавилон" декорациясында түсірілді.

Айта кетсек, фильмнің кейіпкерлері көне түркі тілінде, ал парсы патшасы Кир көне парсы тілінде сөйлейді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны