Система Orphus

"Қазақстан қоғамының әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары" атты зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті

08.10.2019, 21:49 7129

Алматы. 8 қазан. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) мен Фридрих Эберт атындағы қор өкілдігі бірлесе "Құндылықтар: бізді не жақындастырады және не алшақ етеді?" тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырды.

Конференция аясында 2018 жылы Фридрих Эберт қоры жүргізген "Қазақстандық қоғамның әлеуметтік өлшемдегі құндылықтары" атты зерттеу жұмысының таныстырылымы өтті.

Шара жекелеген бағыттар бойынша (отбасылық, еңбек, азаматтық және т.б.) панельді пікір-талас форматында өтті.

Сессияларға қазақстандық жетекші әлеуметтанушылар мен зерттеу жұмыстарының авторлары, саясаттанушылар мен сарапшылар, сондай-ақ, өңірлердің академиялық ғалымдары қатысты.

"Бүгінгі конференция - отандастарымыздың құндылықтарының өзгеруіне арналған ауқымды әрі терең зерттеу жұмысының қорытындысын жариялаудың тамаша мүмдіндігі ғана емес, сонымен қатар оны сарапшылар және журналистермен бірге талқылаудың, терең қаузаудың сәті. Құндылықтар - дерексіз ұғым емес, ол шын мәнісінде адамдарды алға сүйрейді әрі шешім қабылдауына және күнделікті әрекетіне айтарлықтай ықпал етеді.

Біздің институтымыз осы саладағы зерттеулерді белсенді жүргізуде. Қазіргі уақытта адами капиталды зерттеу бағдарламасын іске қостық. Соның аясында біз құндылықтарды еліміздегі адами капиталдың сапасын анықтайтын фактор ретінде қарастырудамыз. Бұл азаматтар мен мемлекет арасындағы, жергілікті қоғамдастық ішіндегі өзара қарым-қатынас форматын, қазақстандықтардың қоғам мен экономикадағы өтпелі үдерістерге қатынасын бір-бірімен байластыратын кешенді сұрақ", - деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Фридрих Эберт атындағы қор өкілдерінің айтуынша, "зерттеуде қазақстандық қоғамның құндылықтар сипаты мейлінше нақты берілген, қазіргі заманғы әлемде алға шыққан құндылықтар жағдайында қазақстандық азаматтардың келбеті тура сипатталған және адамдардың өз ұқсастықтарын қалай түсінетіні, тілге, дінге және отансүйгіштікке деген көзқарастары дәл берілген".

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстан үшінші жаңғыру кезеңін бастан өткеруде және мәдени трансформация оның ажырамас бөлігіне айналған.

Түрлі елдің ғалымдары мен зерттеушілері қоғам дамуында мәдениеттің рөлі үлкен маңызға ие екендігін, реформалардың дамуына дем беретінін, кәсіпкерлік белсенділік пен инновация өсімін өрлететінін талай мәрте дәлелдегені белгілі.

Сондықтан экономикалық дамудың тұрақты әрі инклюзивті үлгісін құру туралы тілге тиек еткенде, оның аясын кеңінен қарастырып, қоғамның мәдени ұстанымдары мен құндылықтарын қоса ескерген абзал.

Конференцияға қатысушылар қазақстандықтардың ұлттық және діни сәйкестігі, еңбек, саяси әрі отбасылық құндылықтары мәселелерін жан- жақты талқыға салды.

Сарапшылар осы тақілеттес зерттеулер қолдауға мұқтаж және бүгінгі таңда оның өзектілігі артып келеді деген ортақ ойға тоқтады.

Анықтама үшін:

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) 2003 жылы құрылған. Институттың негізгі қызметі әлемдік экономика, геосаясат мәселелерін, Қазақстандағы саяси-әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық үдерістерін, сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президентінің қызметі мен саяси мұрасын, оның Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде құру мен нығайтудағы қосқан үлесін ғылыми зерттеуге бағытталған.

ӘЭСИ өз қызметінде қоғамдық пікір-таласқа белсене араласу арқылы тәуелсіз сипаттағы зерттеулер жүргізеді және талдау мен жоспарлау саласындағы мемлекеттің сараптау жұмыстарына жүйелі түрде қатысады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны