01.12.2019, 18:13 2398

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде "Елбасы және мәдениет" көрмесінің тұсаукесері өтті

Тұңғыш Президент күніне орайластырылған көрмеге қазақстандық қоғам қайраткерлері, олардың ішінде Игорь Рогов, Қуаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, Азат Перуашев және шетелдік елшілік өкілдері қатысты.

Алматы. 1 желтоқсан. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Елбасы кітапханасының жинағынан жасақталған "Елбасы және мәдениет" көрмесінің тұсаукесері өтті.

Тұңғыш Президент күніне орайластырылған көрмеге қазақстандық қоғам қайраткерлері, олардың ішінде Игорь Рогов, Қуаныш Сұлтанов, Дархан Мыңбай, Азат Перуашев және шетелдік елшілік өкілдері қатысты.

Аталмыш көрме көп ұлтты Қазақстан халқының рухани құндылықтарын жаһандық деңгейде ілгерілетуде, мәдениетті қайта жаңғыртуда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың рөлін бейнелеуді көздейді.

- Бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық музейімен бірлесе ашылғалы отырған "Елбасы және мәдениет" көрмесінің еліміздің мәдени өмірінде елеулі оқиға болатынына сенімдімін! Өткенге көз жүгіртсек, еліміз егемендік алған бойдан бастап өзінің тарихи жаңғыру және даму кезеңдерін бастан кешірді. Тәуелсiздiкке қол жеткiзгеннен кейiн, әсiресе, егемендігіміздің алғашқы он жылдығы ұлт мәдениетi үшiн жаңа кезең болды. Руханиятымыз қайта түлеп, тарих тасасында қалған барлық мұраларымыз Елбасы бастамасымен халқымызға орала бастады. Тұңғыш Президентіміз ұсынған "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасының тиімді орындалуы нәтижесінде рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, көне тарихты қайта жаңғыртты, - деп іс-шараның ашылу рәсімінде Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов атап өтті.

- Бүгін Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шараның біздің Ұлттық музейде өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Біз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының басшылығына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын сақтауға, кеңінен таратуға бағытталған іс-шаралары үшін, осы көрмеге, еліміздің тәуелсіздік тарихы туралы баяндайтын бірегей экспонаттар ұсынғаны үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Елбасы кітапханасының "Елбасы және мәдениет" атты көрмесі Қазақстан Республикасының сәулеті мен кино өнері, қолданбалы және бейнелеу өнері, музей, театр, архив, кітапхана саласы, тәуелсіздік жылдарындағы мәдениет саласының мемлекеттік саясаты, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау саласы сияқты бағыттардың негізінде Елбасы кітапханасы архивінің 170-тен астам материалын ұсынады.

Аталмыш көрме 2020 жылдың 5 қаңтарына дейін жалғасады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны