30.01.2020, 18:07 5778

"Астана Балет" Алматыда жаңа қойылымдарын көрсетеді

Алғашқы күні ұжымымыз өзінің негізгі бағыты - неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы көрсетеді. "Astana Ballet presents" бағдарламасына Джордж Баланчиннің "Concerto Barocco", Р.Ребектің "A Journey of Memory" және Н.Фонтенің "Love's Lost Idols" туындылары енген.

Алматы. 30 қаңтар. Kazakhstan Today - "Астана Балет" Алматыда жаңа қойылымдарын көрсетеді.

"Астана Балет" Театры Алматыда үздік қойылымдары мен тың премьераларын паш етеді. Шығармашылық ұжымның гастролі Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында өтпекші. Төрт күн бойы, 19, 21, 22 және 23 ақпанда Абай атындағы МАОБТ сахнасында мазмұнды, түрлі жанрдағы бағдарлама көрсетілмекші.

Алғашқы күні ұжымымыз өзінің негізгі бағыты - неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы көрсетеді. "Astana Ballet presents" бағдарламасына Джордж Баланчиннің "Concerto Barocco", Р.Ребектің "A Journey of Memory" және Н.Фонтенің "Love's Lost Idols" туындылары енген.

Ал, 21, 22 және 23 ақпанда "Күлше қыз" балетінің алматылық премьерасы өтеді. Сергей Прокофьевтың ғаламат музыкасы, көлемді декорациялар, ғажайып костюмдер мен бала кезден баршамызға белгілі сюжет - хореограф Надежда Калинина сәтті спектакльдің құрамдас бліктерін бір арнаға тоғыстырып, сиқырлы хореография, ұтымды әзілді қолдана отырып, ересектер мен балалардың көзайымына айналған ертегі-балет жасады.

Басшылықтың айтуынша, екі көріністі балет Абай атындағы МАОБТ сахнасына ыңғайланып, ықшамдалды. Бірақ, спектакль авторлары балеттің бірде-бір ғажайып деталі ұмыт қалмайтынын, алматылықтар бұл спектакльдің ғаламатын сезіне алатынын айтып отыр. Күлше қыз партиясын орындайтындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, Назерке Аймұхаметова және Дарина Қайрашева; Ханзаданың рөлін сомдайтындар - Қазбек Ахмедияров, Сүндет Сұлтанов және Фархат Бөриев.

"Сөз жоқ, Алматыда өнер көрсету зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, болашақ кәсіби мамандар Алматыдағы балет мектебінен түлеп ұшады. Мұнда біздің ұстаздарымыз қызмет етеді. Туған-туыстарымыз да осында тұрады. Бұл қаланың көрермені де ерекше - зерделі, талғампаз әрі зиялы", - дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.

Сонымен қатар, көрермен назарына балет әлеміндегі зор сұранысқа ие фотосуретші Алексей Кривцовтың фотокөрмесі ұсынылады. "Астана Балет" театрымен бірлесе жасаған жұмыстары, балерина мен бишілерге өзге қырынан, кейде тіпті, таңсық ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бұл көрменің әр фотосуреті - балет ғаламаты мен бишілердің шеберлігін әспеттейтін, қазақстандық балеттің ерекшелігін, соның ішінде, әр әртісті даралайтын нағыз өнер туындысы.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына арнап, "Астана Балет" Театры ғажайып туындыларды тағы бір тамашалау мүмкіндігін жасап отыр: "Күлше қыз" балеті ақпанның 8 - 9 күндері, ал, "Astana Ballet presents" бағдарламасы ақпанның 29 күні астаналық сахнада көрсетілетін болады.

Анықтама есебінде: "Астана Балет" 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Театрдың бөлек ғимараты 2016 жылғы 10-желтоқсанда пайдалануға берілді.

Театрдың жалпы көлемі - 15 000 м?. Көрермен залында 783 орын (партер 609 орын, самалдықтың 2 ярусы 104 орын, 3 ярусы 70 орын).

Сахнаны трансформациялау үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Сахна төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған. Жарық беру кешенінде дәстүрлі театр қондырғылары және жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. 800 жарық жабдықтары орнатылып, соның арқасында көркемдік жарықты жоғары сапада жасау мүмкіндігі бар.

"Астана Балет" театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтарға зор мүмкіндіктер беріп, батыл әрі бірегей идеяларын жүзеге асыруына жол ашады. Театрда 2 репетициялық зал бар. Олардың көлемі сахна көлеміне сәйкес, осының өзі жаңа спектакльдерді жасау үрдісіне септігін тигізері анық.

Театрдың алғашқы концерті 2013 жылдың шілде айында көрсетіліп, жаңа шығармашылық ұжымды көрермен қауым жылы қабылдағаны бірден көрінді. Осы күні театрдың жанкүйерлері Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар.

Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық шедеврлермен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады. Осы репертуарда 22 спектакль бар. Соның ішінде, "Махаббат туралы аңыз", "Серенада", "Жизель", "Шерткіш", "Саломея" және т.б. Сонымен қатар, екі концерттік бағдарлама да бар: "Astana Ballet Gala" және "Ұлы Дала мұрасы".

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны